Қазақстанда көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өседі

Қазақстанда көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өседі
Фото: engrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында атаулы көмектің мәні өзгеретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕХӘҚМ басшысы Кодексте азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа тәсілдерді енгізу қарастырылғанын айтты.

"Біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді.  Енді атаулы көмек, қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады", - деді Тамара Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова өз баяндамасында бүгінгі күні Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесінің қалыптасқанын айтты. Оған жүктілік және босану, бала туу, бала күтіміне байланысты төлемдер; көпбалалы аналар және мүгедектігі бар балалы отбасыларға қарасты төлемдер және табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектер кіреді.

"Әлеуметтік кодекс жобасында отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызын қайта бөлу есебінен қалыптастырылатын бастапқы капитал 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға қосымша көмек ретінде енгізіліп жатыр. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Сонымен қатар, "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" наградталған аналар деген жаңа статус енгізіледі. Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды", - деді министр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек