Қазақстанда коммуналдық тарифтер 25 пайызға қымбаттады

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов биыл елімізде коммуналдық тарифтер 25 пайызға қымбаттағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Биыл Қазақстанда коммуналдық тарифтер орташа есеппен 20-25 пайызға қымбаттады. Кейбір өңірлерде тариф жоғары, кейбірінде төмен өсім болды", - деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Тимур Жақсылықов коммуналдық салаға көп қаржы құю керегін атап өтті.

"Қазақстанда коммуналдық салаға тиісті деңгейде қаржы бөлінбеген. Егер біз апат болмасын десек, инфрақұрылымды жаңартып, инвестиция тарту керек. Оған инвестиция құюдың 2 көзі бар. Біріншісі тариф пен тұтынушылар. Екіншісі, бюджет, салық төлеушілердің қаржысы, яғни сіз бен біз. Егер біз сумен жабдықтау, жылыту, энергетика жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, бізге оған қаржы құю керек. Елімізде тарифтер өсе береді. Алайда қандай қарқынмен өсететін айта алмаймын", - деді министрдің орынбасары.

"Қайдан келген қымбатшылық?!" Қазақстандықтар коммуналды төлем бағасы өскеніне наразы

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар коммуналды төлем бағасы өскеніне наразы болғанын хабарлаған едік. Алматылықтар коммуналды төлем едәуір қымбаттап кеткеніне наразы. Бұл жағдай қаланың әр ауданында байқалған. Қала тұрғындары көппәтерлі тұрғын үйлердің чаттарында, әсіресе, жарық, жылу бағасы өсіп кеткенін жарыса жазып жатыр.

Қала тұрғындарының бірі жылуға бір шаршы метріне 26,61 теңгеден төлесе, енді бір тұрғын 180 теңгеден, енді бір алматылық 88,81 теңгеден төлегенін айтады. Баға қаланың әр ауданында әртүрлі.

Тұрғындар жалпы коммуналды төлем үшін бірі 56 мың теңге, бірі 40 мың теңге, енді бірі 20 мың теңге төлесе, бұл соманы 60 мың теңгеге жеткізгендер де бар. Ал тағы бірі 25 мың теңге шыққанын айтады (ауданы әртүрлі шаршы метр болатын пәтерлерге - еск.). 

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!