Қазақстанда көлік әйнегін қараңғылатуға қойылған тыйымды алып тастау ұсынылды

Қазақстанда көлік әйнегін қараңғылатуға қойылған тыйымды алып тастау ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр Қазақстанда 36 мыңнан аса жол апаты тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп.

"Жол апаты салдарынан 51 мыңнан аса адам зардап шегіп, шамамен 2,5 мың азамат қаза тапқан", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, бүгінде автокөлік саласы қаржы тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Жыл сайын қажет болатын қаржы мөлшері - шамамен 1,9 трлн теңге, ал нақты бөлінетін қаражат - тек 1 трлн теңге шамасында.

"Республика бюджетінен жалпы пайдалануға арналған тасжолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға жыл сайын шамамен 44 млрд теңге бөлінеді. Бұл қазіргі жүктеме мен тозған жолдарды толық жаба алмайды", - деді Олжас Құспеков.

Депутат Қазақстанға Жол қоры қажет екенін де мәлімдеді.

"Ол республикалық жолдарды салу, күтіп ұстау және жаңғыртуға бағытталады. Халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдің тиімділігін растайды. Жол қорын толықтыру көздері ретінде төлем механизмдері, транзиттік алымдар, ақылы жол учаскелерін дамыту, жол бойындағы қызмет көрсету және басқа салыққа жатпайтын кірістер қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ, көліктің әйнегін қараңғылауға арналған ақылы рұқсат механизмін енгізу де ұсынылады", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!