Қазақстанда кімдер көп жалақы алады?

Қазақстанда кімдер көп жалақы алады?
Фото: depositphotos.com

Ұлттық статистика бюросы азаматтар жасына, кәсіпорынның меншік нысанына және оның көлеміне байланысты қанша жалақы алатыны туралы деректі ұсынды. Статистикада 2026 жылғы сәуірге дейін толық жұмыс істеген қызметкерлердің орташа айлық номиналды жалақысы көрсетілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекеттік, жекеменшік немесе шетелдік мекемелер: қайсы көп төлейді?

Статистикалық мәліметке сәйкес жалақы мөлшері кәсіпорынның меншік нысанына байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.

Мысалы, 35-тен 44 жасқа дейінгі қызметкерлер арасында орташа жалақы мынадай:

  • 391 210 теңге - мемлекеттік кәсіпорындарда;
  • 580 914 теңге - жекеменшік кәсіпорындарда;
  • 858 869 теңге - шетелдік кәсіпорындарда.

Айта кетейік, бұл көрсеткішті бүкіл мемлекеттік немесе жеке сектордың орташа жалақысы деп санауға болмайды.

Жұмысшының жасына қарай жалақы қалай өзгереді?

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, орташа жалақы жұмысшылардың жасына қарай да айтарлықтай ерекшеленеді.

16-дан 24 жасқа дейінгі кезеңде:

  • мемлекеттік кәсіпорындар - 256 120 теңге;
  • жекеменшік кәсіпорындар - 345 546 теңге;
  • шетелдік кәсіпорындар - 380 593 теңге.

25-тен 34 жасқа дейінгі кезеңде:

  • мемлекеттік кәсіпорындар - 339 829 теңге;
  • жекеменшік кәсіпорындар - 496 993 теңге;
  • шетелдік кәсіпорындар - 698 985 теңге.

35-тен 44 жасқа дейінгі кезеңде:

  • мемлекеттік кәсіпорындар - 391 210 теңге;
  • жекеменшік кәсіпорындар - 580 914 теңге;
  • шетелдік кәсіпорындар - 858 869 теңге.

45-тен 54 жасқа дейінгі кезеңде:

  • мемлекеттік кәсіпорындар - 385 119 теңге;
  • жекеменшік кәсіпорындар - 551 575 теңге;
  • шетелдік кәсіпорындар - 834 988 теңге.

55-тен 64 жасқа дейінгі кезеңде:

  • мемлекеттік кәсіпорындар - 352 530 теңге;
  • жекеменшік кәсіпорындар - 449 035 теңге;
  • шетелдік кәсіпорындар - 684 462 теңге.

Осылайша, барлық жас аралығында шетелдік кәсіпорындардағы орташа жалақы жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындарға қарағанда жоғары екені көрінеді. Кәсіпорындардың барлық үш санатында да ең жоғары табыс 35-44 жас аралығындағы қызметкерлер арасында тіркелген. Осы жастан кейін орташа жалақы көрсеткіштері біртіндеп төмендейді.

Ірі кәсіпорындардағы жалақы

Ұлттық статистика бюросы ірі, орта және шағын кәсіпорын қызметкерлерінің табысын салыстырды.

35-44 жас аралығындағы жұмысшылар арасында орташа жалақы мынадай:

  • 589 984 теңге - ірі кәсіпорындарда;
  • 458 791 теңге - орташа кәсіпорындарда;
  • 346 147 теңге - шағын кәсіпорындарда.

Осылайша, бұл жас тобында ірі кәсіпорын жұмыскерлері шағын компания қызметкерлеріне қарағанда орта есеппен 243 837 теңгеге көп алады. Айырмашылық - шамамен 70 пайыз.

25-34 жас аралығындағылардың көрсеткіштері де әртүрлі:

  • ірі кәсіпорындар - 501 854 теңге;
  • орташа кәсіпорындар - 420 737 теңге;
  • шағын кәсіпорындар - 305 735 теңге.

Бұл топта ірі және шағын кәсіпорындар арасындағы айырмашылық 196 119 теңгеге жетеді.

Бұл ретте орташа жалақы әрбір қызметкердің табысын көрсетпейді. Көрсеткішке кейбір мамандар мен басшылардың жоғары табысы әсер етуі мүмкін.

Кімдер миллионнан аса табыс табады?

Ұлттық статистика бюросы кәсіби топтар бойынша мәліметті ұсынды. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтін басшылар арасында ел бойынша орташа жалақы мөлшері мына деңгейге жетеді: 1 396 624 теңге.

Жекеменшік кәсіпорындардағы осындай кәсіби топта көрсеткіш 997 950 теңге, ал мемлекеттік мекемелерде 557 171 теңге болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget