Қазақстанда кімдер 12 қыркүйектен бастап 2 миллион теңгеге дейін ала алатыны айтылды

Қазақстанда кімдер 12 қыркүйектен бастап 2 миллион теңгеге дейін ала алатыны айтылды

Енді Отбасы банкіндегі депозиттер бойынша өтемақы алуға болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Отбасы банкіндегі депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініштерді қабылдау 2022 жылдың 1 қазанынан басталады. Ал салымдар бойынша қаражатты есептеу тәртібі 12 қыркүйекте күшіне енген жеке тұлғалардың теңгемен салынған депозиттері бойынша өтемақы төлеу қағидасымен реттеледі.

Отбасы банкінде депозиті бар қазақстандықтар Ұлттық банк пен Үкіметтің теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына қатысады. Яғни Отбасы банк салымшылары 2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша жинақталған өз салымдарына 10 пайыз көлемінде өтемақы ала алады деген сөз. 

Салымдар бойынша қаражатты есептеу тәртібі бүгін күшіне енген жеке тұлғалардың теңгемен салынған депозиттері бойынша өтемақы төлеу қағидаларымен реттеледі.

10 пайыз көлемінде өтемақы төленетін ең жоғарғы сома - 20 миллион теңге. Бұл бір банкте ашылған барлық депозиттің жалпы сомасы. Яғни бұл жағдайда 2 миллион теңге өтемақы алуға болады. Банк мәліметіне, 2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша Отбасы банкінде жалпы көлемі 1,6 триллион теңгеге 2,3 миллион жинақ шоты болды.

"Бекітілген ережеге сәйкес, өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған салымшыларға ғана төленеді. Бұл процесті онлайн режимде істеуге болады.

Өтініштерді 2022 жылдың 1 қазанынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарын қоса алғанда www.otbasybank.kz мекенжайы бойынша Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте беруге болады", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Өтемақы есептелгенге дейін депозитін сақтаған салымшыларға ғана өтемақы төленеді.

Салымды бөлу арқылы ақша депозиттен ішінара алынған болса, онда өтемақы жинақталған салымның ең аз қалдығына есептеледі. Оның үстіне, 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін салымға толықтырылған қаражат есепке алынбайды.

Егер банк салымшысында аралық және алдын ала тұрғын үй займдарын алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша депозит қамтамасыз ету ретінде берілген салымы болса, онда ол да тиісті өтемді алады.

Жақын туыстарға (тегін) тағайындалған салымдар, сондай-ақ біріктірілген депозиттерге де өтемақы беріледі.

Өтемақы кімдерге берілмейді?

- депозит жабылса;

- 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі кезеңде (қоса алғанда) депозит бойынша тұрғын үй заемына көшкен, оның ішінде автоматты түрде көшкен салымдар бойынша;

- онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.

Тиісті өтемақы сомасын 2022 жылдың 1 қазанынан бастап Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталындағы www.otbasybank.kz жеке кабинеттен білуге ​​болады. Өтемақы сомасы оны қарау күні бойынша актуалды (салымшы орындайтын операцияларға байланысты өзгеруі мүмкін).

Өтемақы салымшыларға 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін, Отбасы банкіге ақша түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде депозиттерге аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ.

Егер салымшының жалпы қалдық сомасы 20 000 000 теңгеден асатын екі және одан да көп депозиттері болған жағдайда, өтемақы салымдар сомасына пропорционалды, бірақ белгіленген өтемақы сомасынан аспайтын депозиттерге есептеледі.

Өтемақыларды есептеу мысалдары:

№1 мысал

Депозит сомасы 2022 жылдың 23 ақпанының аяғында 600 мың теңгеге болды делік. Бір жылдың ішінде сіз депозитіңізді екіге бөліп, біреуін жауып тастадыңыз. Депозитте сақталған қаражаттың қалдығы бойынша ынталандырылатын минималды сома 300 000 теңге. Өтемақы 2022 жылдың 24 ақпанынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі аралықта ең төмен депозит сомасына есептелетін болады. Яғни, 300 000 теңгеге 10 пайыз көлемінде өтемақы аударылады, яғни 30 мың теңге өтемақы аласыз.

№2 мысал

2022 жылдың 23 ақпанындағы күннің аяғында депозитіңіздің сомасы 600 мың теңге болса, бір жыл ішінде сіз салымыңыздағы қаражатты шешпей, толықтырып отырдыңыз делік. 2023 жылдың 24 ақпанында депозитіңіздегі сома 1 000 000 теңгеге жетті.

Бұл жағдайда салымыңыздағы 600 000 теңгеге 10 пайыз көлемінде өтемақы төленеді, демек 60 теңгеге өтемақы аласыз.

№3 мысал

Сізде жалпы сомасы 24 миллион теңге болатын бірнеше депозит бар. Өтемақы депозиттердің жалпы сомасы 20 миллион теңгеге есептелетін болады. Яғни 4 миллион теңгеге өтемақы төленбейді. Бұл жағдайда өтемақы 2 миллион теңге болады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина