Қазақстанда ҚҚС төлеуден кімдер босатылмақ?

Қазақстанда ҚҚС төлеуден кімдер босатылмақ?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа мөлшерлемесін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірісіне тәуелділігін азайтуға, сондай-ақ, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге, басымдығы жоғары мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ведомство басшысының сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босату ұсынылып отыр.

"Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. Біз оны сақтаймыз. Заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бюджетке төлеуге тиісті ҚҚС-тың 30 пайызын төлейді. Енді олар төлемейді. Осылайша, Қазақстанда өндірілген барлық өнім (картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б.) бәсекеге қабілетті болады. 

Денсаулық сақтау саласы үшін 10 пайыз төмендетілген мөлшерлеме ұсынамыз. Бұл тағы кімге әсер етеді? Мұны қосымша талқылау қажет. Тағы қандай қызмет түрлері бар - барлық ұсынысты жинаймыз, есептейміз, сарапшылармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп шешеміз", - деп түсіндірді Жұманғарин.

Министрдің сөзінше, мөлшерлеме көп болған кезде есепке алу, декларация жасау күрделене түседі.

"Бұған жол бермеу үшін былай ұсынып отырмыз: 16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және босату. Бүгінде кәсіпорындардың тек 4 пайызы ҚҚС төлейді. Көптеген компания салықтан жалтарады... Бұл салық жүйесін бұзады және ҚҚС-тың есебіне кедергі келтіреді. Сондықтан есепке қою шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылады", - деді ол.

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. 

"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", - деді Президент.

Үкіметтің ұсынысы

Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсынысын айтты. 

"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", - деп түсіндірді Азамат Әмрин. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget