Қазақстанда қияр мен қызанақтың бағасы қолжетімді болатыны айтылды

Үкіметте негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар түрлеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде түрікмен көкөністеріне шұғыл түрде "жасыл дәліздер" ұйымдастыруды тапсырды.

"Бұл шара әсіресе жылыжай өндірісі жеткіліксіз аймақтарды қолжетімді бағадағы көкөністермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22-31 желтоқсан аралығында, елдегі супермаркеттерде "Bereke fest" акциясы басталады. Акция аясында фермерлерден тікелей жеткізілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағамен сатылады.

Өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық жәрмеңкелердің саны артады: желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде 800-ден астам жәрмеңке өткізілмек. Тек өткен аптада 149 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сауда комитетіне шалғай аудандарға, оның ішінде Маңғыстау, Ұлытау облыстарына тауар жеткізу бойынша көмек көрсету тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандырудың қолданыстағы қағидаларына енгізілетін өзгерістер туралы айтты. Өзгерістер онлайн-мониторинг жүйесін міндетті түрде орнатуды көздейді. Қазір Қызылордада ауданы 3 мың шаршы метр қойма базасында пилоттық жобаны "Қазақтелеком" АҚ іске асырып жатыр.

"Келесі жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың барлық қоймаларын осындай жүйелермен кезең-кезеңімен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорларының бар-жоғын, сақтау жағдайы мен сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Өзгерістердің күшіне енуі алдағы күндері күтіледі", - деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!