“Қазақстанда кездесеміз“: Рыбакина жанкүйерлеріне сүйінші хабар айтты

Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қазақстанға қайтатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол АҚШ Ашық чемпионатындағы жеңісінен кейін өткен баспасөз мәслихатынан соң айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Баспасөз мәслихатынан кейін қазақстандық журналист Рыбакинадан турнир бойы оны қолдап, өнерін бақылаған қазақстандықтарға не айтқысы келетінін сұрады.

Теннисші жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтып, бұл жеңістің қуанышын олармен бірге бөліскісі келетінін жеткізді.

"Маған сеніп, қолдау білдіргендердің бәріне көп рақмет айтқым келеді. Мен әзірге Қазақстанда емеспін, бірақ қайтуды жоспарлап отырмын. Осы сәтті мені қолдап, матчті тамашалаған Қазақстандағы барша жанкүйермен бірге бөліскім келеді. Әсіресе балалармен", - деп Рыбакинаның сөзін The Tennis Letter келтіреді.

Спортшы Қазақстандағы балалардың тенниске қызығушылығы артып келе жатқанын да атап өтті.

"Тенниске балалардың қызығушылығы артып жатқанын үнемі айтып жүремін. Бәрі теннис ойнағысы келеді. Бұл тамаша. Еліміз үшін осындай үлкен жетістікті бірге атап өтейік", - деді ол.

Бүгін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында үшінші рет "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы атанды. АҚШ Ашық чемпионатының финалында ол Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтады.

Елена Рыбакина: US Open финалына дейінгі жол

Еске салайық, қазақстандық теннисші турнирді америкалық Ти Фродинді жеңуден бастады. Одан кейін Испания өкілі Джессика Боусас Манейроны, украиналық Юлия Стародубцеваны және жапониялық Наоми Осаканы жарыс жолынан шығарды.

Ширек финалда Елена Рыбакина Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді жеңіп, WTA рейтингінде бірінші орынға шығатынына кепілдік алды. 14 қыркүйекте Қазақстан тарихында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанған теннисші болады.

Жартылай финалда әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуін қамтамасыз еткен Рыбакина америкалық Коко Гауффты сенімді түрде жеңді.

Айта кетейік, Елена Рыбакина 2022 жылы Уимблдонда топ жарған. Ал 2026 жылғы қаңтарда Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!