Қазақстанда кедейлік деңгейі өскені рас па?

15 маусымда өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Серік Өтешов халықтың өмір сүру сапасына байланысты депутаттық сауал жолдады. Серік Балғатайұлы мәлімдемесінде "халықтың нақты ақшалай кіріс индексі жыл өткен сайын төмендеп жатыр және өзін-өзі кедей бағалау деңгейі анағұрлым өскен" деді. Factcheck.kz басылымы бұл мәлімдеменің рас-өтірігін тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр халықтың нақты ақшалай кіріс индексі 2,8 пайыз болды. Ол 2020, 2021 жылдардағы көрсеткіштерден төмен.

Орташа айлық 338,7 мың теңгеге дейін өсті. Бірақ былтырғы жылғы инфляцияның өсуі бұл өсімді жоққа шығарды.

Дегенмен орташа айлық жалақы шынайы жағдайды нақты көрсетпеуі мүмкін. Халықтың табыс көрсеткішін дұрысырақ сипаттау үшін медиандық жалақыны да ескеру керек. Бір жылда оның көрсеткіші 165 мыңнан 204 мыңға өскен.

Әлбетте, жалақының өсімі мен инфляция арасында халықтың табысына әсер ететін байланыс бар, бірақ мұның қаншалық ықпал еткеніне үкім қоя алмаймыз.

Мәлімдеме: Сонымен бірге, Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың арасында өзін-өзі кедей бағалау 2022 жылғы қыркүйекте 25 пайызға дейін өскен. Ал 2020 жылғы желтоқсанда ол небәрі 14 пайызға тең болған.

"Қазақстанды тыңдау" зерттеуі - елдегі жағдайларды мониториңдеу үшін қоғамның пікіріне сүйене отырып жүргізілетін ай сайынғы сауалнама.

Мәлімдеме: 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік трансферттер еңбек кірістерінің 31 пайызы болды. Бұл халықтың мемлекеттік әлеуметтік қолдауына тәуелділігінің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне сай, әлеуметтік трансферттер еңбек табыстарына шаққанда 31 пайызға жеткен. Палатаның жазуынша, бұл халықтың мемлекеттің қолдауына тәуелді екенін көрсетеді. 2015-2016 жылдардағы дағдарыста бұл көрсеткіш 21-23 пайыз көлемінде болған.

Дегенмен 2022 жылғы көрсеткіш кейінгі 4 жылдағы ең төменгі деңгей, өйткені әлеуметтік трансферттердің еңбек қызметінен түскен табыстарға арақатынасы 2019 жылы - 33 пайыз, 2020 жылы - 43 пайыз, 2021 жылы 37 пайыз болған.

Мәлімдеме: Бүгінгі күнде азық-түлік шығыстарының үлесі өсуде. Былтыр бұл көрсеткіш 50,8 пайыз болды. Ол халықтың басқа салаларға жұмсайтын мүмкіндіктерінің аз екенін көрсетеді.

Cонымен қатар, халықтың азық-түлік емес өнімдерге жұмсаған шығындары азық-түлік шығыстарының үлесінен екі есеге аз. Cәйкесінше, азық-түлік емес тауарлар шығысы - 24,4 пайыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!