Қазақстанда қай лауазымды тұлғалар бизнеспен айналыса алады?

Қазақстанда қай лауазымды тұлғалар бизнеспен айналыса алады?

Елімізде қай лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметімен қоса жеке кәсіппен айналыса алады? Ал кімдерге тыйым салынған? Бұл сұраққа жақында енгізілетін заң жауап береді, алайда ол әлі оқылымда. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі заң күшіне енген жағдайда, қандай өзгерістер болатынын саясаткер Аман Мамбетәліден сұрады.

Заң қабылданған жағдайда, республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда және коммуналдық мемлекеттік мекемелерде басқару функцияларын орындайтын тұлғалар жеке кәсіппен айналыса алады.

Ал бұған дейін Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңының 13-бабының 1-тармағында тұжырымдалған нормасына сәйкес, кейбір тұлғаларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған еді. Олар:

  • мемлекеттік лауазымды атқаратын жауапты тұлға;
  • лауазымды тұлға;
  • мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға;
  • мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар.

Тізімдегі тұлғалардан бөлек мемлекеттік жоғары лауазымдағы азаматтарға қатысты тыйым да тікелей Конституцияда көрсетілген. Мәселен:

  • ҚР Президенті - 43-баптың 1-тармағы;
  • Парламент депутаттарының - 52-баптың 3-тармағы;
  • Үкімет мүшелерінің - 68-баптың 2-тармағы;
  • Конституциялық Сот судьялары - 71-баптың 4-тармағы;
  • судьялар - 79-баптың 4-тармағы.

2019 жылы бұл қатарға мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқару функцияларын орындайтын адамдар да кірген болатын.

Дегенмен мемлекетте Конституция бойынша, яғни ҚР 26-бабының 4-тармағына сәйкес әрбір азаматқа кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығына кепілдік берілген.

Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Квазимемлекеттік сектор субъектілері - мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ ҚР заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес-еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар.

Сонда су арналарының директорлары, ұлттық компаниялардың бастықтары бір квазимемлекеттік сектордың өкілдері.

  • Бірінші жағынан, олар осы уақытқа дейін мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар ретінде қарастырылды. Осылайша, оларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
  • Екінші жағынан, оларды 2019 жылы енгізілген жаңа санатқа жатқызуға болады - квазимемлекеттік сектордағы менеджерлер. Бұл тұрғыда оларға бизнеспен айналысуға тыйым салынбайды. 

Ал РМК-да, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдарға (бұлар бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер, Мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиалдардың басшылары) Кәсіпкерлік және өзге де ақылы қызметпен айналысуға құқық берілмек.

Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Саясаткер не дейді?

Саясаткер Аман Мамбетәлінің айтуынша, белгілі бір лауазымды тұлғаларға жеке кәсіппен айналысуға шектеу қою дұрыс шешім.

"Мемлекеттік қызметтің бәрі бірдей емес, олардың дәрежесі әртүрлі. Мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде лауазымды тұлғаларға үлкен  жауапкершілік артылады. Ал мұндай қызмет атқаратындар  жауапкершілікке дайын болуы қажет. Негізі мен белгілі бір шектеудің  болуы дұрыс деп ойлаймын. Себебі қауіп бар, атқарушы билікте  жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер арасында мүдделер қақтығысы болуы мүмкін", - деді ол.

Саясаткер мысал ретінде елімізде бұған дейін болған жемқорлыққа қатысты істерді келтірді.

"Мұндай лауазымды атқарғанда азаматтың қолында көп мүмкіндік бар, осыған байланысты көптеген жанжал болды. Елімізде қаншама тұлға сотталып кетті. Өз пайдасы үшін кәсіппен айналыспаса да, мемлекет үшін тиімсіз шешім қабылдаған кісілер бар. Әкімдік белгілі бір компаниялардың жеке мүддесі үшін тендер ойнату кезінде көмек көрсеткен жағдайлар бар. Бұл заң қабылданған жағдайда белгілі бір қаржылық мүдделер немесе алпауыт кәсіп иелерін қолдау қаупі бар. Мысалы, Президент жаңа Салық кодексін қосымша зерттеулер мен түзетулерге жіберді. Егер заңды дайындайтын тұлғалардың бірінің сүт, құрылыс секілді бизнесі болса, заңдағы ережелер жеке мүдделерге тиімді болатындай қабылдануы мүмкін", - деді саясаткер.

Аман Мамбетәлі заң қабылданатын болса, оқылым кезінде барлығы егжей-тегжейлі қаралуы шарт екенін жеткізді.

"Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және тұтастай алғанда, мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі ашық жұмыс істейді және халық қамауға алынған, сотталған адамдарды біледі, естиді. Егер Назарбаев дәуірін еске алсақ, көп жағдайда мұндай істер үнсіз қалды немесе кешірілді. Мысалы, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты. Ол сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін сотталды, содан кейін кешірілді және босатылды. Ал қазір мұндай жоқ, егер бір жағдай болса, бірден әлеуметтік желіге шығады, тез тарайды.
Сондықтан мен мемлекеттік қызметкерлер барлық шартқа, бейімділікке сай болуы керек деп санаймын. Бірақ айта кету керек, кейбір ерекшеліктер де бар. Мәселен, лауазымды тұлғалар сабақ бере алады, шығармашылықпен айналыса алады. Не дегенімен кәсіптің түр-түрі бар, ең бастысы - кәсіптің саласы азаматтың жұмысымен тікелей байланысты болмағаны немесе жеке мүдделерге қатысы болмағаны дұрыс. Өйткені азаматтың қала бойынша бірнеше кафесі болса, салық төлеуден қашуы ықтимал. Заңда бәрі бөлек жазылуы тиіс, себебі халық заңда тыйым салынбаса немесе жазылмаса, рұқсат етілген деп қабылдайды. Егер мына заң қабылданатын болса, онда оқылым кезінде барлығы егжей-тегжейлі қаралуы шарт. Әр ережені зерттеу керек", - деп қорытындылады сарапшы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә