Көктемде қазақстандықтардың назарын аударатын көп өсімдік пен гүл гүлдей бастайды. Алайда оның көбі Қызыл кітапқа енгізілген, сондықтан оларды жұлу немесе зақымдау қымбатқа түсуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz редакциясы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдап, сирек кездесетін өсімдіктер тізімін және оларды заңсыз терген үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Қызыл кітабына (2014) өсімдіктің 387 түрі, оның ішінде дәрілік өсімдіктің 65 түрі енгізілген. Сирек кездесетін және қорғалатын түрлердің толық тізімін сілтеме арқылы көруге болады.
Сирек өсімдіктердің қатарында Андржевский қалампыры, Виталий бақбақтары және көксағыз, дермене жусан, бұйра лалагүл, меруертгүл, қазақстандық құрақ, сондай-ақ, қызғалдақтың ондаған түрі бар. Атап айтқанда: Альберт, Биберштейн, Борщов, Грейг, қосгүлді, Зинаида, Кауфман, Колпаковский, Корольков, қысқа аталықты, Леман, біртүсті, Островский, кеш, еңкіш, ала күлтелі, Регель және Шренк қызғалдағы.
Қылмыстық кодекстің 339-бабына және 2023 жылғы "Өсімдіктер дүниесі туралы" заңға сәйкес, сирек кездесетін өсімдіктерді жұлуға, теруге, жоюға, зақымдауға, сондай-ақ, оларды заңсыз сатып алуға, сақтауға, тасымалдауға немесе сатуға қатаң тыйым салынады.
Жаза түрлері:
Тұрғындар жеке және тұрмыстық қажеті үшін жабайы өсетін жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдіктерді тере алады. Бірақ бұл сирек кездесетін және қорғалатын түрлерге қатысты емес. Сондай-ақ, бұл әкімдіктер белгілеген норма шегінде ғана рұқсат етіледі.
"Жеке тұлғалар "Өсімдіктер дүниесі туралы" заңның 28 және 32-баптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың ұсынуымен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарының (мәслихаттардың) шешімімен бекітілген нормалар шегінде өсімдіктерді тере алады", — деп хабарлады Экология министрлігі.
Еске салайық, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бәйшешек жұлғаны үшін "қатаң" жаза қарастырылатынын айтқан еді. Алайда министрлік ұсынған Қызыл кітаптың ресми тізімінде бәйшешек әзірге көрсетілмеген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!