Қазақстандықтар әлеуметтік желіде бірнеше банкноттың айналымнан шығуы мүмкін екенін талқылап жатыр. Tengri Life редакциясы Ұлттық банкке сауал жолдап, қандай купюралар шынымен біртіндеп айналымнан шығатынын және мұндай купюрасы бар азаматтар не істеуі керек екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде не талқыланып жатыр
Бұған әлеуметтік желіде тараған жазба себеп болды. Онда жақын арада 500, 2 000, 10 000 және 20 000 теңгелік бірнеше банкнот айналымнан шығады деген ақпарат айтылған.
Жазба аз уақытта ондаған мың қаралым жинап, көпшіліктің талқысына түсті.
Скриншот: Threads
Желі қолданушылары пікірлерде банкноттар тым жиі өзгеретініне, ал қарт адамдарға жаңа купюраларды ажырату қиындап бара жатқанына шағымданды.
- "Мұның бәрі не үшін керек? Осы өзгерістен әбден шаршадық".
- "Еріккеннің ермегі! Ал қарттарға ыңғайсыз! Кассада осы қағаздармен әжейдің әбден әуреге түскенін өз көзіммен көрдім".
- "Шынымды айтсам, 10 000 теңгелік үлкен купюра ұнамайды — тым үлкен әрі ыңғайсыз. Қолыңа ассигнация ұстап тұрғандай боласың".
- "Естелікке тым болмаса бір 5 000-дық купюра алып қалғандар бар ма?".
Ұлттық банк не дейді?
Ұлттық банктің баспасөз қызметі ескі банкноттардың бір бөлігі шынымен де біртіндеп айналымнан шығарылып жатқанын растады. Алайда бұл банкноттарға бірден тыйым салынады деген сөз емес. Әңгіме купюраларды жаңа серияларға жоспарлы түрде ауыстыру туралы болып отыр.
Айналымнан біртіндеп шығатын банкноттар:
- 500 теңге (2017 жылғы үлгідегі): 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін жаңа банкноттармен қатар айналымда болады;
- 1 000 теңге (2014 жылғы үлгідегі): айналымнан біртіндеп шығады — пайдаланудың түпкілікті мерзімі 2027 жылғы 27 наурызға дейін;
- 2 000 теңге (2012 жылғы үлгідегі): қатар айналымда болу кезеңі 2026 жылғы 24 маусымға дейін жалғасады;
- 10 000 теңге (2012 жылғы үлгідегі): айналым мерзімі 2027 жылғы маусымға дейін ұзартылды;
- 20 000 теңге (2013/2015 жылғы үлгідегі): ауыстыру 2027 жылы жаңа купюра шыққаннан кейін басталады, содан кейін ескі банкнот дүкендерде әлі де қабылдана береді, бірақ ауыстырылуына қарай біртіндеп айналымнан шығады.
Ұлттық банк қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін де купюраларды мына жерлерде айырбастауға болатынын атап өтті:
- екінші деңгейлі банктерде;
- "Қазпошта" бөлімшелерінде — үш жыл бойы;
- Ұлттық банктің филиалдарында — мерзімсіз.
Еске салайық, 2011 жылғы үлгідегі 5 000 теңгелік купюра 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап қабылданбайды. Енді оларды екінші деңгейлі банктерде, "Қазпошта" бөлімшелерінде және Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында тек айырбастауға болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz