TikTok-та Қазақстанға келе жатқан тропикалық дауыл туралы видео жарияланды. Онда 2024 жылғы 9-10 ақпанда күші сағатына 100 шақырымға дейін жететін жел соғады делінген. "Қазгидромет" РМК бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазгидромет" РМК өкілдерінің мәліметінше, видеода бірқатар дәлсіздік бар.
"Роликте айтылып отырған циклон Қазақстан аумағынан шықпайды, ол Қазақстанға Скандинавия аудандарынан ауысып келеді және 7 ақпанда ел аумағының басым бөлігін қамтымақ. Желдің күшіне келетін болсақ, видеода айтылған сағатына 100 шақырым метр/секундке айналдырғанда екундына 27-28 метр шығады. Сондай-ақ, "Қазгидромет" РМК мәліметінше, 6 ақпанда дауылды ескерту таратылды. Оған сәйкес, 2024 жылғы 6 ақпан сағат 21:00-ден 9 ақпан сағат 21:00-ге дейін №10 стихиялық метереологиялық құбылыс болады, яғни желдің күші секундына 30 метрге дейін күшейеді. Бұл Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысына қатысты. Дауылды ескертуге сәйкес, 7-9 ақпанда күндіз Қазақстанның басым бөлігінде жылдамдығы секундына 23-28 метр жел соғады, кей жерлерде екпіні секундына 30 метрге жетеді деп болжанады, одан әрі циклон Қазақстаннан тыс жерлерге ауысады", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Қазгидромет" РМК Қазақстан тұрғындары мен қонақтарын ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады. Тиісті ақпарат Төтенше жағдайлар департаментінің 112 Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінен таралады, дауылды ескертулер сайтында және DARMEN мобильді қосымшасында жарияланады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!