- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда қауіпсіз еңбек...
Қазақстанда қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды
Үкімет биылдан қалмай "2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын" қабылдауға тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Ол жұмыс орындарындағы оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталады. Мемлекет басшысы Жолдауда осындай тапсырма жүктеді. Бұл әсіресе өндірістік аймақ Қарағанды үшін маңызды. Өйткені облыста жыл басынан бері 90-ға жуық жазатайым жағдай болып, 17 адам көз жұмды. Тағы 100-ден астамы жарақат алған. Бұдан былай зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
Төлеутай Жакулин ұзақ жылдар бойы кен орындарында еңбек етті. Жеті қат жер астындағы қара жұмыстың қиындығын бір адамдай біледі. Сондықтан қауіпсіз еңбек тұжырымдамасынан үміт күтеді. Себебі кен орындарында істейтін таныстары мен жақындары жетерлік.
"50 жылда бірнеше жарақат алдық, бірнеше жағдайлар болды. Шахтердің жұмысы - бұл ең ауыр жұмыс. 1994 жылға дейін шахтада істедік, денсаулық нашар, оның барлығы осы жағдайдан, ешқандай жағдай жоқ қазір", - деді ардагер кенші Төлеутай Жакулин.
Қарағанды - индустриалды аймақ. Ірі кәсіпорындарда тұрақты өлім-жітім жиі болады. Мысалы, соңғы 2 жылда 37 жет адам жұмыс орнында опат болған. Жарақат алғандар бірнеше есе көп. Әр жағдайды жіті тексеретін мамандар жазатайым оқиғалардың басты себептері мынада дейді.
"Қайғылы жағдайларды сараптай келе, біз жұмыс берушілер тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігін, сандық жүйеге көшу ісінің кешеуілдеп жатқанын аңғарып отырмыз. Кәсіпорындар жұмысшыларды оқытуға, модернизациялық тұрғыда жаңаруға асықпайды. Қазір облыстағы 8 кен орнының тек екеуінде жерасты бақылау камералары бар. Ол - Күзембаев және Қазақстан шахталары", - деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Кен орындарында апттың жиілеп кеткені рас. Сондықтан мамандар үкіметтік деңгейде "еңбек нормасын" енгізу керек деп есептейді. Яғни, Еңбек кодексінен жұмысберушінің жұмыс кестесі мен көлемін өзі реттеу тетігін жою керек.
"Қазір кез келген жұмыс беруші нормативті өзі өзгерте береді. Себебі осы мәселеге келгенде мемлекет тарапынан реттеу қарастырылмаған. Салдарынан белгілі бір көлемді орындау үшін аз адам үлкен жұмыстарға жегіледі. Регламенттегі барлық талап жұмыс берушінің бұйрығымен-ақ сырылып тасталады. Салдары бәрімізге аян. Сондықтан еңбек тұжырымдамасы осындай маңызды мәселеден басталуы керек деп есептеймін", - деді "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының техникалық инспекторы Андрей Лукин.
Еңбек инспекторларының сөзінше, жазатайым оқиғаларда жарақат алғандар мен жазым болғандардың 60 пайызы - 55 жастан асқандар. Өз кезегінде Президент палаталардың біріккен отырысында мұндай қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленетінін айтқан. Ал Парламентке Үкіметтің ұсынысын жедел қарауды тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек