Қазақстанда кәсіпкерлер өте жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр

Қазақстанда кәсіпкерлер өте жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр
Фото: ОКҚ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек елімізде кәсіпкерлер 56 пайызбен кредит алып жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Қазақстанда МҚЖАҰ-лардың несие портфелі 2,4 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.

"Қазіргі уақытта микроқаржыландыру секторы еліміздің қаржы секторының ең жылдам дамып келе жатқан сегменті болып отыр. Соңғы 3 жылда микроқаржылық қызметті іске асыратын ұйымдар (МҚЖАҰ) мен несие портфелінің активтері 2 есе өсіп, несие портфелі 2,4 триллион теңгеге жетті. Соңғы жылдары микроқаржыландыру секторы өсуінің негізгі драйвері кредиттік ресурстарды ұсынудың жылдамдығы мен қарапайымдылығы болды", - деді ол.

Оның айтуынша, микрокредит беру субъектілері қызмет көрсетудің цифрлық технологияларын белсенді қолдана бастаған. Нәтижесінде микрокредит қолжетімді болған. Соңғы 3 жылда бұл секторда бизнеске берілетін микрокредиттер 2 есе өсіп, 1,3 триллион теңгеге жеткен.

"Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23 пайыз) және Қостанай облыстарына (13 пайыз) минералдық ресурстарды өндірумен және электрмен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі. Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10 пайыз), Астана (7,3 пайыз), Алматы (5,4 пайыз) ірі қалаларында және Түркістан (9,8 пайыз) және Жамбыл (5,3 пайыз) облыстарына тиесілі. Егер экономика салалары бойынша кредит берудің жиынтық көлемін қарастырсақ, микроқаржыландыру субъектілерінің қызметі көбіне өнеркәсіп пен электрмен жабдықтауға (35,1 пайыз), ауыл шаруашылығына (25,1 пайыз), саудаға (17,5 пайыз) байланысты салаларда және қызмет көрсету (14,9 пайыз) саласында шоғырланған", - деді Олжас Қизатов.

Сондай-ақ, Қазақстанның 20 облысының 17-сінде кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер үлесі жоғары – 68 пайыз.

"2023 жылдың нәтижесі бойынша бизнеске кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер 932 миллиард теңгені немесе кредиттік серіктестіктердің жиынтық портфелінің 96 пайызына тең болды. Бүгінде кредиттік серіктестіктер бизнеске жеңілдік талаптармен қолдау көрсететін түрлі шараларының белсенді қатысушылары саналады. Олардың қызметі ауыл шаруашылығын белсенді дамытып жатқан, шалғай аудандар мен ауылдардағы үй шаруашылықтарын қолжетімді қаржымен кеңінен қамтуды қамтамасыз етеді. Кредит беруде кредиттік серіктестіктердің үлкен белсенділігі осы өңірлерде үлкен егіс алқаптарының орналасуына байланысты Қазақстанның барлық солтүстік, орталық (48 пайыз) және оңтүстік өңірлерінің (24,3 пайыз) ауыл шаруашылығында байқалады. Осы өңірлерде ауыл шаруашылығына кредит берудің жиынтық мөлшері 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 251 миллиард теңге болды", - деді орынбасар.

Ол МҚҰ субъектілері Қазақстанның барлық облысында бар екенін, былтыр олар бизнеске 433 млрд теңге микрокредит бергенін жеткізді.

"МҚҰ тарапынан бизнеске микрокредит берудің негізгі көлемі Түркістан облысына (17,0 пайыз), Шымкент қаласына (16,8 пайыз), Алматы облысына (11,1 пайыз) және Жамбыл облысына (10,4 пайыз) тиесілі.
Бұл өңірлерде 204 миллард теңге көлемінде сауда және қызмет көрсету саласын қаржыландыру басым болып отыр, бұл осы өңірлерде халықтың көп шоғырлануына байланысты", - деді Олжас Қизатов.

Сонымен қатар, Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек кәсіпкерлер микрокредитті 56 пайызбен алатынын атап өтті.

"Банктер кредитті 56 пайызбен бере алады. Қазір микроқаржылық ұйымдардың 2 түрі бар. Олар – классикалық және 45 күнге дейін 50 АЕК-ге дейін (184 600 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) қарыз беретін микроқаржылық ұйымдар. Бизнеске кредит беретін микроқаржылық ұйымдар да банктер сияқты 56 пайызды сақтау керек", - деді басшы.

Ол биыл кредиттің пайыздық үстемесін төмендеу мәселесі талқыланатынын айтты.

"Жақында Парламентте заң қабылданды. Ол тәуекелдердің деңгейін төмендетуді көздейді. Осы заңға (мемлекет басшысы) қол қойғаннан кейін осы жылдық пайыздық үстемені төмендетуге арналған нормативті-құқықтық акті қабылданады. Оның ішінде жалпы жылдық пайыздық есепті төмендету көзделген. (Оның қанша пайызға азаятыны) әлі талқыланып жатыр, сәл күтіңіздер", - деді Нұржан Бидайбек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен