Қазақстанда қарашадан бастап не өзгереді?

Күздің соңғы айында елімізде бірқатар өзгеріс болады. Соның ішінде ең басты оқиғаның бірі кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Massaget.kz тілшісі Қазақстанда қарашадан бастап қандай жаңалықтар болатынына шолу жасады.

Қарашада ауа райы қандай болады?

Қарашада республиканың басым бөлігінде күн жылы, ал Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе, Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Павлодар облысының солтүстік жартысында норма шегінде болады деп күтіледі. Сондай-ақ, елдің көптеген аймағында жауын-шашын климаттық нормаға жақын болады.

Президент сайлауы өтеді

Мемлекет басшысы бұған дейін "Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы" Жарлыққа қол қойған еді. Соған сәйкес елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.

Сайлау нәтижесі қашан шығады?

Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша дауыстарды санау нәтижелерiн аумақтық сайлау комиссиялары белгiлейдi және екi күн ішінде, яғни 22 қарашаға дейiн оларды Ортсайлаукомға жеткiзедi. Нәтижелерді анықтау және сайланған президентті тіркеу қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес ОСК-ға 7 күннен аспай тіркеледі. Сайлау қорытындылары туралы хабарлама 10 күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Яғни 30 қарашаға дейін барлық сайлау процедуралары мен ресми жарияланым шаралары жүргізіледі. 

Сыбайлас жемқорлардан алынған ақша мектеп құрылысына бөлінеді

Премьер-министр Әлихан Смайылов сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат енді мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатынын айтқан еді. Үкімет басшысының сөзінше, бұл қаржы қарашадан бастап бөлінеді.

"Бүгінде республика бойынша 100 миллиард теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады", - деген еді Премьер-министр Түркістан облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте.

"ҚазАвтоЖол" мен "Қазақавтодорды" біріктіру жұмысы аяқталады

"ҚазАвтоЖол" мен "Қазақавтодорды" толық біріктіру 2022 жылғы қарашаның аяғына дейін аяқталады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Айдос мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚазАвтоЖол" мен "Қазақавтодор" бір компанияға біріктірілгенін хабарлаған еді.

Алматыда жаңа теміржол станциясы пайда болады

Қарашаның аяғына дейін Алматы индустриялық аймағында теміржол станциясы іске қосылады. Бұл туралы баспасөз туры барысында журналистерге "Индустриальная зона - Алматы" ЖШС директоры Әлішер Сатыбалдиев мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, құрылыс барысында жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты нысан төрт жылдан аса уақыт бойы көліктік бақылау инспекциясының ескертуі бойынша консервацияда тұр.

Бұл жолдың жалпы ұзындығы 8 шаршы шақырым болады, ол "Боралдай" станциясына жанасады, ал станцияға кірме жолдар - 1,8 шақырым. 

Қазақстанда екі жаңа мереке пайда болады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынысы бойынша, Қазақстанда екі кәсіби жаңа мереке пайда болады. Бірі цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні ретінде 10 қараша, екіншісі энергия үнемдеу күні ретінде 11 қараша.

Жеңілдетілген автонесие қайта беріле бастайды

Жеңілдетілген автонесие қарашада қайта басталады деп жоспарланып отыр. Ақпаратты Индустриялық даму қоры (ИДҚ) растаған.  Қор мәліметінше, жеңілдетілген автонесиелерді қаржыландыру қарашаның бірінші жартысында ашылады.

"Жеңілдетілген автонесие қарашаның бірінші жартысында жылына төрт пайызбен несие түрінде қайта беріледі. Сатып алушылар "СарыарқаАвтоПрома" және Hyundai Trans Kazakhstan зауыттарында шығарылған көліктерді таңдай алады", - деген еді қор өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!