- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда қанша медицина...
Қазақстанда қанша медицина қызметкері жетіспейді?
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде медицина қызметкерлері жетіспей жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спикердің сөзінше, бүгінде денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Бұл медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда өте үлкен маңызға ие.
"Бірақ салада медициналық кадр тапшылығы бар. Біздің мәлімет бойынша денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан аса кадр тапшы. Бұл тенденция соңғы жылдары байқалып отыр. Оның саны артып та келеді. Кадрларды сақтап, оларға жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныс болды", - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.
Мәулен Әшімбаев мәселе өзекті екенін, Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеу керегін айтты.
"Медицина мамандығына кадр тарту үшін қосымша тағы не істеуге болады? Қандай заңға өзгеріс енгізіп, қандай норма қабылдауға болады деген мәселелерді қарау керек. Себебі медицина кадрларының жетіспеушілігі - өте өзекті проблема. Соңғы жылдары қарқынды өсу болған жоқ. Қазір нақты шешім қабылдауды қажет ететін жағдай туындап отыр. Оларды әзірлеп, Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырамыз", - деді Сенат төрағасы.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz