Қазақстанда қанша қыз АПВ-ға қарсы вакцина салдырды?

Қазақстанда қанша қыз АПВ-ға қарсы вакцина салдырды?
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қыз салғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазан айының басынан бастап республикада әр жерде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарға вакцинация салына бастады. Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған толтыру иммундауы жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, өңірлердің арасында АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 11,1 мыңнан астам қыз егілді, Шымкентте 5,3 мыңнан астам оқушы, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз вакцинацияланды.

Вакцинацияланғандардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

"Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинациялау тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін. АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуына жол бермейді", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан