Қазақстанда қанша келі саңырауқұлақты тегін жинауға болады?

Қазақстанда қанша келі саңырауқұлақты тегін жинауға болады?
Фото: pexels.com

Бір адамға 3 келі саңырауқұлақты тегін жинауға рұқсат бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Өсімдіктер әлемі туралы" жаңа Заңға қол қойған болатын. Онда өсімдіктерді қорғау үшін оларды пайдалануды реттеу талаптары айқын көрсетілген. Заңға сәйкес, ел азаматтары жидекті, саңырауқұлақты, жаңғақты, дәрілік шөптерді жинауды жалғастыра алады.

Ал Жамбыл облысында 8 жылдан бері саңырауқұлақты жинау кезінде шектеулер енгізілген.

Massaget.kz тілшісі Ардақ Сырымбет облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандарына хабарласып, мұндай талапты кім бекіткенін, белгіленген мөлшерден асса, саңырауқұлақ жинаушылар қанша төлем төлейтінін сұрап білді.

Басқарманың Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Жабағиеваның айтуынша, Жамбыл облыстық мәслихаты 2015 жылғы 25 маусымда "Жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, дәрілік шикізат жидектері және өзге де Орман ресурстары мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың өз мұқтажы үшін тегін, рұқсатсыз жинау нормаларын бекіту туралы" шешім қабылдаған.

"Осы шешімге сәйкес, бір адамға 3 келі саңырауқұлақты тегін жинауға рұқсат етіледі. Одан асса әр келісіне 107 теңгеден төлем төлейді", - деді бас маман.

Төлемдердің көлемі облыстық мәслихаттың "Облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланудың кейбір түрлері үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 29 маусымда қабылдаған шешімінде белгіленіпті.

"Мұндай талап жаңа заңда да көрініс тауып отыр. Егер тұрғындар саңырауқұлақтарды тек өздері үшін қолданса, оларға рұқсат алудың қажеті жоқ. Бірақ фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық қажеттіліктерге арналған өсімдіктерді жинаса, заң талаптарына сай төлем төлеуі тиіс", - деп түсіндірді Гүлмира Жабағиева.

Айта кетейік, кейбір аймақтарда саңырауқұлақ теруге мүлде рұқсат болмауы мүмкін. Ал кейбір аймақтарда арнайы құжат рәсімдеу керек. Талап орындалмаған жағдайда ескерту айтылып немесе айыппұл салынуы да мүмкін. 

Әдетте саңырауқұлақ теру маусымы сәуірдің соңында басталады. Ал тамыз және қыркүйек айлары - нағыз саңырауқұлақ теру қызатын маусым. Бұл уақытта саңырауқұлақтың түр-түрі кездеседі. Ал қысқы маусымдағы саңырауқұлақтарды қазан-қараша айларында қар астынан теріп алуға болады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина