Елімізде қанша ауыл бар және қаншасы жойылып кетті? Қанша ауылдық елді мекен жойылу алдында тұр? Олардың себептері қандай?
Massaget.kz тілшісі аталмыш сұрақтардың жауабын білу үшін Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдады.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 6208 ауылдық елді мекен бар. Соңғы 5 жылда ауылдар саны 6341-ден 6208-ге дейін немесе 133-ке азайды. Мұның себебін ведомство 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiлетінімен түсіндірді. Сондай-ақ мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Алатау қаласына сол маңдағы 12 ауылдың біріктірілгені аталды.
"Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабының 3-тармағына сәйкес халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай АЕМ тұрғындары таратылған АЕМ-ге қоныс аудармай-ақ тұруын жалғастыра алады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жаңа Алатау қаласын құру туралы Жарлығына сәйкес Алматы облысында 12 ауыл Алатау қаласының құрамына енгізілді", – деп жауап берді министрлік.
Еліміздегі жалпы ауылдық жерлерде тұратын халық саны 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7,6 млн адамды құрайтыны аталды. Ал бұл ел халқының жалпы санының 38,4%-ын алып отыр.
"2019-2024 жылдар аралығында ауыл халқы 114 мың адамға азайып, қала халқы 1,8 млн адамға өсті. Ауыл тұрғындары үлесінің төмендеуінің негізгі себебі – урбанизация процестерінің өсу қарқыны", – деп түсіндірді ведомство.
Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша қазіргі таңда халқының саны 50-ден аз, жалпы саны 14,6 мың адам тұратын 574 ауыл елді мекен бар. Министрлік мемлекет тарапынан осы ауылдардың инфрақұрылымын қолдау, сондай-ақ халыққа базалық қызметтер көрсету сақталатынын айтты.
"Шағын АЕМ (ауылдық елді мекен – журналист) (50 адамнан аз) ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығы) сәйкес басқа елді мекендерге көшу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмысқа орналастыру, көлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайлары қарастырылған", – деп жауап берді министрлік.
Ведомство шағын елді мекендерді қалпына келтіру үшін жаңа жұмыс орындарын құру және еңбекке қабілетті жас халықтың ағынын, сондай-ақ бизнесті және халықты (қоныс аударушылар мен қандастар) тарту қажеттігін айтты.
Сонымен қоса, аталмыш мәселені шешу үшін жастарды ауылға тарту мақсатында "Дипломмен – ауылға!" жобасы іске асып жатқаны айтылды. Оған сәйкес ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне (көтерме жәрдемақы 100 АЕК, 2500 АЕК-тен аспайтын сомада тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит) әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
"Кейіннен жұмыс орындарын құра отырып, бизнесті тарту үшін әртүрлі мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады («Ауыл Аманаты», АӨК субъектілерін субсидиялау, пайыздық мөлшерлеме және кредиттер бойынша кепілдендіру, өтеусіз мемлекеттік гранттар және жастарға шағын кредит беру, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, «Бастау – бизнес» жобасы бойынша оқыту және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, ХӘОТ үшін гранттар) және еңбек күші артық өңірлерде көшіру бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда", – деп қосты министрлік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында бірде-бір құжаты жоқ ауыл барын жазған едік. Ақтаудың іргесінде орналасқандар 20 жылдан бері тұрғылықты жерін заңдастыра алмай, әлек болған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!