Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов елімізде қанша адам несиесін кешіктіріп төлейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, агенттік микроқаржылық ұйымдар, банктер және коллекторлардың балансында берешегін 90 күннен кешіктіріп төлеген қанша қарыз алушы барын анықтау үшін талдау жүргізген.
"Осылайша, 1,5 миллион адам несиесін уақытында төлей алмай жүргенін анықтадық. Олардың микроқаржылық ұйымдар мен банктерде несиесі бар. Төленбеген несиенің бір бөлігі коллекторларға берілген. Осыдан кейін әрбір банк, микроқаржылық ұйым және коллекторлық агенттікпен жеке жоспар құрдық. Нәтижесінде нақты қарыз алушылардың тізімін жасадық. Әрбір банк және микроқаржылық ұйыммен борыштың жүктемесін қалай төмендетуге болатынын анықтадық", - деді Олжас Қизатов ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.
Агенттік өкілі мәселені шешудің жолдарын ұсынды.
"Борышкердің несиені төлеуге мүмкіндігі болмаса, біз банк және микроқаржылық ұйыммен ақылдасып, несиені кешіру жағын қарастырамыз. Егер қарыз алушының қаржылық мүмкіндігі болса, бірақ оның қаржылық жағдайы төмендемес үшін біз банктермен бірлесіп, несиені қайта құрылымдау жағын пысықтаймыз. 2024 жылдың соңына дейін барлық 1,5 миллион адаммен (банктер және микроқаржылық ұйымдар) несие жүктемесін азайту үшін жұмыс жүргізуі керек", - деді ол.
Олжас Қизатов Қазақстанда проблемалық қарызы бар адамдарың саны артпауы үшін заңға шектеу енгізілетінін айтты.
"Алдағы уақытта берешегін әрең төлейтін жаңа қарыз алушылар болмауы үшін біз қарыз алушы проблемалық несиесін толық жаппайынша оған жаңа кредит алуға заңмен тыйым салуды ұсынамыз. Мысалы, қарыз алушының басқа банкте немесе микроқаржылық ұйымда мерзімі өтіп кеткен кредиті болса, онда ол проблемалық несиесі жабылғанға дейін жаңа кредит алуына заңмен тыйым салынады. Сондай-ақ, біз тұтынушылық несиенің максималды мөлшерін шектегіміз келеді. Бұл қарыз 100 миллион теңгеден асатын сомаға жиі берілетінін көріп отырмыз. Кейде қарыз 1 миллиард теңгеге дейін жетеді. Бұл кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыз болуы мүмкін. Біз халықтың берешегін көбейтпес үшін тұтынушылық қарыздың жоғарғы деңгейін шектегіміз келеді", - деді орынбасар.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!