Қазақстанда жұмыспен қамтылған халық саны 39 пайызға өскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша, жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 000 адам болған, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім - 39,2 пайыз.
Қай жерде жұмыс істейтіндер көп?
Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде - жұмыспен қамтылған халықтың 62,5 пайыз немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 55,3 пайыз немесе 3,6 миллион адам болған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында - 1 450 мың адам.
Жоғары білімі бар адамдар
2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1 пайыз-дан 30,8 пайыз-ға дейін артты.
Әйел адамдар
Жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45 пайыз-дан 2021 жылы 48 пайыз-ға дейін немесе 1,4 миллион адамға артты.
Сала бойынша сандар
Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында - 1,41 миллион адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3 пайыз (17,9 пайыз - 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда - 1,35 миллион адам немесе 14,7 пайыз (12,9 пайыз - 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады - 1 миллион адам немесе 11,1 пайыз (11,5 пайыз - 2009 жылы).
Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17 пайыз ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында - 16 пайыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!