Қазақстанда қандай кадрлар сұранысқа ие?

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі тапшы және сұранысқа ие кадрларды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоға сілтеме жасап.

Ведомство мәліметі бойынша, 2023 жылғы мамырда Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі-ЭЕБ) 94,9 мың бос жұмыс орны және 74,5 мың түйіндеме орналастырылды. Сәуірмен салыстырғанда бос орындар саны 10,5% – ға (+9 мың), ал түйіндеме 0,9% - ға (+628) өсті.

"Есепті айда ЭЕБ-да еңбек ресурстарының жетіспеушілігі 20,4 мың бірлікті немесе орналастырылған бос лауазымдардың жалпы санының 22%-ын құрады. Бұл ретте өңірлердің географиялық орналасуы тұрғысынан кадрлардың профициті алдыңғы айдағыдай оңтүстік облыстарда, атап айтқанда Шымкент қаласына (түйіндеме саны бос орындар санынан 2,4 мыңға немесе 78% - ға асып кеткен) және Түркістан облысына (5,1 мыңға немесе 76% - ға) байқалды", - деп хабарлады ведомство.

Мамыр айында бос орындар саны мен түйіндеме айырмашылығының жалпы республикалық көрсеткішіне Қарағанды облысы (бос орындар түйіндемеден 5,6 мың бірлікке асып, жұмысқа орналасуға қолжетімді орындардың жалпы санының 65%-ды құрады) және Ұлытау облысы (бос орындар түйіндемеден 646 бірлікке асып түсті, бұл өңірдегі жалпы қажеттіліктің 46% - на сәйкес келеді) барынша әсер етті.

"Еңбек нарығында ең сұранысқа ие және тапшы кадрлар автомобиль жүргізушілері (1,9 мың бос жұмыс орны және 1,5 мың түйіндеме), күзетшілер (1,6 мың бос жұмыс орны және 889 түйіндеме) және тәрбиешілер (1,5 мың бос жұмыс орны және 810 түйіндеме) болып қала береді. Сәуір айымен салыстырғанда медицина қызметкерлеріне (1,6 мың бос жұмыс орны және 1 мың түйіндеме) және байланыс орталығының операторларына (1,9 мың бос жұмыс орны және 11 түйіндеме) сұраныстың артуы байқалады", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Жұмыс іздеушілердің арасындағы ең белсенді топ дәстүрлі түрде 16-35 жас аралығындағы жастар болып қала береді.

Мамыр айында жұмыс берушілер АКТ жобаларының менеджерлеріне (1,2 млн теңгеден бастап) және жаңа өнімдерді әзірлеу жөніндегі жоба жетекшілеріне (1 млн теңгеден бастап) – яғни біліктілік талаптары мен құзыреттерінің ұқсас жиынтығы бар бос лауазымдар үшін ең жоғары жалақыны ұсынуға дайын болды. Айта кету керек, ЭЕБ-да үміткерлердің 5,3%-ы қажетті жалақы мөлшерін көрсетпеуді жөн көреді.

"Жалпы, мамыр айында сәуірмен салыстырғанда еңбек нарығы егіс науқанының аяқталуына байланысты ауыл шаруашылығы саласының мамандарына сұраныстың төмендеуімен сипатталады. Байланыс орталығының операторлары арасында кадрлық ресурстардың жетіспеушілігі жұмыс іздеушілердің жұмысқа орналасуға арналған басқа онлайн-платформаларға ауысуымен де, COVID-19 пандемиясы кезеңінен бері байқалған қашықтағы кәсіп қызметкерлеріне сұраныстың артуының Дүниежүзілік трендімен де байланысты болуы мүмкін", - деп түсіндірді министрлік.

Топ-10: Қыздарға арналған мамандықтар