Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанға шетелден әкелінетін гүлдерге қатысты қызық деректерді бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға салмағы 1 341 тонна гүл немесе 24,6 миллион дана гүл талы әкелінген, оның құны - 9,5 миллион АҚШ доллары немесе 4 миллиард 202 миллион теңге.
Сұранысы ең жоғары - раушан гүлдері: салмағы 799 тонна немесе 18 миллион дана гүл талы әкелінген, құны - 5,8 миллион АҚШ долларына жуық. Екінші орында - хризантемалар (салмағы - 134 тонна немесе 2,4 миллион дана гүл талы, құны 1,3 миллион АҚШ доллары), үшінші орында - қалампыр (салмағы - 31 тонна немесе 922,7 мың дана гүл талы, құны 161 мың АҚШ доллары).
Сонымен қатар, лалагүл де жоғары сұранысқа ие, оны 35 тонна салмағымен 192 мың АҚШ долларына әкелген.
Биыл гүлдер негізінен Эквадор, Нидерланды, Колумбия, Кения, Израиль, Өзбекстан, Қытай және Түркия елдерінен әкелінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!