Қазақстанда қандай дәрігерлер жетпейтіні белгілі болды

Қазақстанда қандай дәрігерлер жетпейтіні белгілі болды
Фото: Midjourney

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы өте өзекті мәселе екенін мәлімдеді. Ол Қазақстанда қандай мамандар жетпейтінін де айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, ауылдық жерлерде ғана емес, елорда да, облыстарда да мамандар жетпейді.

"Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына орасан зор қаржы бөлініп жатыр, бірақ әзірге халықтың толық сұранысына қолжеткізу мүмкін болмай отыр. Еліміздегі көптеген медициналық ұйымда материалдық-техникалық қамтамасыз ету жеткілікті болса да "бәрін кадр шешеді" мәтелі маңызын жойған жоқ", - деді депутат.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың соңында 4 864 дәрігер жетпейтіні анықталған. Әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дәрігер тапшылығы, сондай-ақ бірқатар ауыл, ауданда да маман жетіспеушілігі байқалады.

Сұранысқа ие мамандықтар қатарына терапевтер, анестезиологтар және акушер-гинекологтар жатады. Сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне мәселені шешу үшін бірқатар нақты шараны ұсынды.

"Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурсы мәселесі бойынша "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заңнамалық акті жобасын Парламенттің қарауына енгізу жөніндегі жұмысты жеделдетуі қажет. Денсаулық сақтаудың тиімді кадр саясатын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеу мен бекітуді қарастыру керек. Қолданыстағы заңнама бойынша көпсалалы университет клиникаларын құру мәселесі бойынша жұмысты аяқтау керек", - деді сенатор.

Еске салайық, бұған дейін Үкіметтен ауылдық жердегі медицинаны дамытуға 60 миллиард бөлінгені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова