Қазақстанда қандай азық-түлік қымбаттауы мүмкін?

Вице-премьер Серік Жұманғарин Үкімет доллар бағамы өсуіне байланысты азық-түлік бағасын қалай тежейтіні жөнінде сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтегі брифингте Жұманғарин бүгінде Қазақстан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 10 түрі бойынша өзін 100 пайызға қамтамасыз ететінін айтты. Олардың ішінде ұн, тұз, күріш, макарон, май, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз бар.

"Азық-түліктің 14 түрі бойынша 80 пайызға және одан да көп пайызға қамтамасыз етілген. Ал 5 түрі бойынша импортқа тәуелділік бар: құс етімен өзімізді 73 пайызға қамтамасыз етеміз; шұжықпен 60 пайызға, балықпен 60 пайызға, ірімшік, сүзбемен 46 пайызға, қантпен 44 пайызға қамтамасыз етеміз. Мұнда белгілі бір деңгейде қауіп бар. Әрине, Қазақстанда өндірілмейтін көкөністер мен жемістердің кейбір түрлері, мәселен, апельсин, банан, лимон және т.б. болуы мүмкін... Бұл өнімдер қымбаттауы мүмкін. Бірақ шамалы", - деді Серік Жұманғарин.

Шенеунік дүкендердегі бағаларға жасалған соңғы мониторингке сәйкес кейінгі аптада ештеңе қымбаттамағанын да жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамы ауытқуына байланысты "Қазақстанда өнімдер мен тауарлар қымбаттай ма?" деген сұраққа жауап берген еді.

"Доллардың қысқамерзімді құбылуын пайдалануға жол бермейміз. Мұндай қысқамерзімде тауарды тез арада әкеліп, оны басқа бағамен сату қиын деп ойлаймын. Динамикадан процесс біздің тарапымыздан реттеліп отырғанын байқаймыз. Оның үстіне курс құлдырап жатыр", - деді Байбазаров Үкіметтегі брифингте.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!