Қазақстанда қанаты бар мысық табылды: ерекше құбылыс жануарда қалай пайда болуы мүмкін?

Қазақстанда қанаты бар мысық табылды: ерекше құбылыс жануарда қалай пайда болуы мүмкін?
Фото: видео кадры

Әлеуметтік желіде қанаты бар қара мысықтың видеосы тарады. Видеодағы дауысқа қарағанда оқиға Қазақстанда болған. Қанатты мысықтар бары рас па? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Видео алғаш TikTok-тағы Күнсұлу атты қолданушының парақшасында пайда болды. 

"Қанатын көрсетші. Бірінші рет көріп тұрмын. Жаны жоқ, бірақ қанат сияқты", - дейді видеодағы адамдар. 

Ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша, қанаты бар мысықтар Ресей, АҚШ және Қытайда да кездескен. Мысық иелерінің сөзінше, олар бастапқыда қарапайым мысықты алған. Артынша ол мысықтарда қанат өсе бастаған.  

Мысықтарда қанаттың болатынына сену, әрине, қиын. Бірақ оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Оның ішінде кең тараған себеп - мысықтардың жүнінің шатасуынан болуы мүмкін. Бұл, әсіресе, жүні ұзын мысықтарда жиі кездесуі мүмкін. Яғни мысық қозғалған кезде шатасып қалған жүні де қозғалып, қанат секілді көрінуі мүмкін. 

Екінші себеп - тері астениясы деген ауру болуы мүмкін. Мысықтарда қанат тек иығы, жамбасы немесе арқасында өсуі мүмкін. Тері астениясының тағы бір атауы - терінің әлсіздігі. Яғни мысықтың арқасындағы, жамбасы немесе иығындағы тері әлсіреп кетеді. Ал ол жерді адамдар сипалаған сайын тері созылып, қанатқа ұқсас болып кетуі мүмкін. Сондықтан қанаты бар мысықтар құстар секілді ұша алмай, тек жүрген кезде байқалуы мүмкін.  

Тағы бір себеп - мысықтарда қосымша, функционалдық жағынан дамымай қалған орган өсуі мүмкін. Ол органдар мысықтың денесінде өсіп тұрғандықтан адамдар оны қанат деп ойлап қалуы мүмкін. 

Бүгінде, ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша, әлемде 138 қанатты мысық бар. Оның 30-ы құжат бойынша расталған. Ең алғаш қанаты бар мысықтар туралы ақпарат 1842 жылы шыққан екен. Оны Генри Дэвид Торо есімді азамат айтқан. Оның сөзінше, періште-мысық фермалардың бірінен табылған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина