Қазақстанда қан тапсырғысы келетін донорларға қанша теңге берілуі мүмкін?

Қазақстанда қан тапсырғысы келетін донорларға қанша теңге берілуі мүмкін?
Фото: Freepik

Қан тапсырған донорларға берілетін төлем өсуі мүмкін. Мәселе Денсаулық сақтау министрлігінде пысықталып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың сұрауына жауап ретінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тамара Дүйсенова елімізде жыл сайын 100 мың адамға қан құйылатынын айтты. 

"Энергетикалық шығынды қалпына келтіру үшін донорларға 0,25 айлық есептік көрсеткіш (923 теңге) мөлшерінде өтемақы төленеді. Сонымен қатар, есеп бойынша донордың энергетикалық шығынын қалпына келтіру үшін ол қан донациясы күні 4790 ккал көлемінде тамақтануы қажет, ақшалай есеппен бұл 4269,11 теңге немесе 1,25 АЕК (2023 жылғы АЕК есебінен) болады", - деді Дүйсенова.

Вице-премьердің пікірінше, донорларға өтемақы сомасын 1,25 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру үшін шамамен 848 миллион теңге қажет.

"Қазір Денсаулық сақтау министрлігі донорға ақшалай өтемақыны 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша өзгерістер енгізуді пысықтап жатыр", - деді ол.

Дүйсенованың айтуынша, бұл ұсынысты Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберу жоспарланып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова