Елімізде АИТВ, В және С гепатиттері, мерез инфекцияларына кешенді қан анализін тегін тапсыру мүмкіндігі бар екенін білесіз бе? Оған қоса өзіңіздің қан тобыңызды және резус-факторын, қандағы гемоглобин мен ақуыз деңгейін анықтайсыз. Қалай? Massaget.kz тілшісі анықтады.
Қан анализін тегін тапсыру үшін тұратын қалаңыздағы қан орталығында қан тапсыруыңыз керек. Осылайша, сіз донорлық қанға мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, игі іс істейсіз.
Анализ нәтижесін сол күні сайтта онлайн көруге, яғни жеке кабинетте немесе донациядан кейінгі күні мөрмен қағаз түрінде алуға болады. Тегін анализден басқа қан донорлары сол күні жұмыстан босатылады, оларға шай ұсынылады, 0,25 АЕК мөлшерінде төлем (923 т) алады. Оқушылар немесе студенттер оқу-тәрбие үдерісінен, ал әскери қызметшілер - нарядтар, вахталар және басқа да қызмет нысандарын атқарудан босатылады.
Қан тапсыру шарттары:
Қан тапсырардан бір күн бұрын жақсылап демалған жөн, жұмыстан кейін келмеген дұрыс. Сондай-ақ донор болуға дайындық кезінде бауыр қызметінің бұзылуына түрткі болатын майлы, сүрленген, ащы тағамдарды тұтынбаңыз. Әйтпесе, қандағы майдың жоғары деңгейінен оның түсі табиғи емес болуы мүмкін, мысалы, мөлдір емес ақ немесе жасыл. Бұл қалыпты физиологиялық жағдай болғанымен, ол донорлық қанға тестілеуге мүмкіндік бермейді және оны плазма құюға ұсынылмайды. Алкогольден кем дегенде екі күн бас тарту керек. Қан тапсыруға дейін және одан кейін бірнеше сағат бойы темекі шегуге болмайды, өйткені қантамырлар қысылып, естен тану ықтималдығы жоғарылайды.
Егер донор болуға дұрыс дайындалатын болсаңыз қауіп саны азайып, донор қан тапсырғаннан кейін тек бас айналу және әлсіздік қана сезеді.
Еске салайық, бұған дейін кімдерге қан тапсыруға болмайтыны хабарланған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз