Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанда кадрларды оқытудың дуальді жүйесін енгізу жөніндегі пресс-конференция өтті, деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда отандық өнеркәсіптің техникалық және технологиялық базасының қарқынды дамуының әсерінен техникалық және кәсіби кадрларды даярлау жүйесін қайта қарастыру қажеттілігі туындады.
«Дуальді оқу жүйесін ұйымдастырудың негізгі принциптері: ол оқудың 60% уақыты кәсіпорында, 40% уақыты колледж және жоғарғы оқу орнында өтетіндігі. Бұл берілген функционалдық міндеттерді орындау үшін жұмыс орындарын қамтамасыз ету арқылы өндірістік тәжірибені кәсіпорында өтуді қамтитын кадрларды даярлау болып табылады, кейін оқушының еңбек өтілі болып саналады және сол уақытқа өтемақы төленеді», - деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін датыму департаменті директорының орынбасары Сәтжан Кәрімов.
Оқудың дуальді жүйесі мұнай-газ саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың және компаниялардың жан-жақты қолдауын алуда. Ең бірінші болып мұнай-газ саласындағы оқудың дуальді жүйесін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Интергаз Центральная Азия» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, Атырау мұнай және газ институты, Қазақстан-Британия техникалық университеті енгізе бастады.
Осылайша, оқудың дуальді жүйесін «Ембімұнайгаз» отандық мұнай компаниясы іске асыруда. Осымен екінші жыл АРЕС Petrotechnic жоғарғы техникалық мектебінің және Атырау мұнай және газ институтының студенттері жаңа жүйе бойынша оқытылып жатыр. Бірінші, пилоттық жылы 39 студент тәжірибеден өтті. «Оқудың дуальді жүйесі қатысушы тараптардың барлық талаптарына жауап береді. Компания үшін бұл кадрларды дайындау мүмкіндігі. Қорытынды тестілеу нәтижесі бойынша ең жоғары көрсеткіші бар төрт түлек іріктелді, оларды Ембімұнайгаз жұмысқа қабылдады»,- деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков.
Оқыту бағдарламасы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның үш өндірістік құрылымдық бөлімшесі бойынша бөлуді көздейді. Тағылымдама шеберлер мен операторлардың басшылығымен зерттеу жұмыстары цехының «Ұңғымаларды зерттеу жөніндегі операторы» мамандығы бойынша жүргізіледі.
Тағылымдама аяқталған соң дуальді оқыту студенттері емтихандар тапсырады, соның нәтижесінде оларға меңгерген жұмыс мамандығы бойынша біліктілік беріледі және еңбек кітапшаларына тағылымдамадан өтушінің дуальді оқытудан өткендігі туралы жазылады.
Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша Атырау мұнай және газ институтының үшінші курсын тәмамдаған 19 студенті жаңа 2016-2017 оқу жылында мұнайды дайындау және айдау цехының «сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» жаңа мамандығы бойынша дуальді оқытуды жалғастырады. Осылайша, оқу орнын аяқтаған кезде олар екі жұмыс мамандығын алып шығады. Бұдан басқа, дуальді оқыту жүйесі шеңберінде 2017 жылғы қаңтардан бастап АРЕС Petrotechnic жоғары мектебі ІІІ курсының 10 студенті және Атырау мұнай және газ институты ІІІ курсының 20 студенті «Ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор» мамандығын меңгеруді бастайды.