Қазақстанда жылу беру маусымында мыңнан аса мәрте өрт шықты

Елде өрт дерегі 1,3 пайызға азайып, опат болғандар саны 13 пайызға қысқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері елде 10 мың рет өрт шықты. Онда 279 жан опат болып, бірнеше адам жарақаттанды. Әсіресе жылу беру маусымы басталғалы құтқарушылардың жарғақ құлағы жастыққа тимеді.

Олар күн суытқалы 1130 мәрте тілсіз жаудың жолын кесті. Бұдан бөлек, елді қауіпсіздік хақында құлағдар ету жұмыстары да қарқынды.

"1 желтоқсаннан бастап республикамызда "Өрт қауіпсіздігі" айлығы жарияланды. Бұл айлық неге бағытталған, мынау өрттердің санын төмендету және өрттерден адам қаза болу және жарақаттану деректерін алдын алу бағытында қауіпсіздік айлығы болып жарияланды. Кешегі күннің өзінде 1500 аса тұрғын үй араланып, 2 мыңнан аса адамға өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жүргізілді. Ал биылдыққа бас-аяғы 900 мыңнан аса тұрғын үйдің қауіпсіздігі тексеріліп, 1,5 млн адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әсіресе тұрмысы төмен отбасылардың баспаналары басты назарда", - деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев.

"Астана қаласында 31 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Қазір оның 21 мыңнан астам профилактикалық жұмыстармен қамтылған. 1500 астам әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар бар. Қазір қайталау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.

"Көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл қаққыш датчиктерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл датчиктер маусым айынан бастап 24 мыңнан аса данасы орнатылды. Қазіргі таңда бұл датчиктердің іске қосылу салдарынан көптеген отбасылардың өмірлері аман қалған болатын", - деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!