Қазақстанда жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты ашылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа құрылған институттың жұмысы - асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр.
"Мемлекет басшысы 2028 жылы отандық тұқым қорының көлемін 80%-ға, оның ішінде элиталық тұқым көлемін кемінде 15%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бізде әлеует жеткілікті. Ғылыми институттар қазірдің өзінде астықтың өнімділігін арттыратын тұқым сорттарын шығарып жатыр. Біз үздік әлемдік практикаларды қолдана отырып, агрономия ғылымын одан әрі дамытатын боламыз. Ауыл шаруашылығы және Ғылым және жоғары білім министрліктері аталған мәселе бойынша жүйелі шешімдер дайындауы керек", - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Ақтөбе филиалы базасында Жылқы шаруашылығы институты құрылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына институттың биыл толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті рәсімдердің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау міндеті қойылды. Инновациялық технологияларды енгізу және агроөнеркәсіптік секторды қарқынды дамыту үшін әлемдік тәжірибені қолдануға ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!