Қазақстанда жыл басынан бері 39 адам ұшақтан түсірілген

Қазақстанда жыл басынан бері 39 адам ұшақтан түсірілген
Фото: pixabay.com

Қазақстанның көлік полицейлері 2023 жылдың басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзған 39 тұлғаны әуе рейстерінен түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Polisia.kz-тің мәліметінше, оның 16-сы алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде жүргені үшін, 5-уі әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін және тағы да басқа теріс қылықтар үшін түсірілген. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов хабарлады.

Оның айтуынша, Астана әуежайындағы желілік полиция бөліміне FlyArystan әуекомпаниясының өкілдерінен Түркістан – Астана бағытындағы рейстің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түсті. Әуе кемесі Астанаға ұшып келісімен жолаушы әйелге хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

"Тексеру барысында көлік сақшылары масаң күйінде болған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Түркістанның 37 жастағы тұрғынын анықтады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 440-бабы 1-бөлігі және 566-бабы 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 8 айлық есептік көрсеткіш (27 600 тг) мөлшерінде айыппұл салынды", – деді Дәулет Молдаханов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан