- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жүргізуші мен...
Қазақстанда жүргізуші мен жолаушы арасын бөліп тұратын құрылғы енгізілуі мүмкін бе?
Қоғамдық көліктер арасында әлі де такси қызметі ерекше сұранысқа ие. Қазақстандықтар да тез әрі ыңғайлы көлік ретінде көп жағдайда такси қызметіне жүгінеді. Алайда елімізде жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігі әлі де жолға қойылмаған. Қазақстанда такси жүргізушілерінің қауіпсіздігі мақсатында қандай шаралар қолданылады? Жүргізушілердің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Елімізде жүргізуші мен жолаушы арасын бөліп тұратындай арнайы құрылғы енгізу жоспарда бар ма? Massaget.kz тілшісінің бұл сауалдарына ІІМ өкілі, Қазақстан такси қауымдастығы төрағасы және inDrive компаниясының ресми өкілі жауап берді.
Болған оқиғалар ізімен...
WhatsApp желісінде жасөспірімдер көлікті ұрлау үшін такси жүргізушісін пышақтап кеткені туралы ақпарат пайда болды. Сонымен қатар, жүргізуші ауруханада жатқаны айтылды. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Дегенмен былтыр дәл осындай бірнеше оқиға болды. 12 мамырда Toyota Camry көлігімен такси қызметін атқарған алматылыққа жолаушылар шабуыл жасап, 18 пышақ жарақатын салған еді. Жолаушы көлікті ұрлап кеткен. Ал желтоқсанда Алматы облысында такси жүргізушісін 37 рет пышақтаған ер адам ұсталды. Бұл жолы күдікті қылмысты алдын ала ойластырып, абайлап жасаған. Ол бір реттік абонент нөмірін, ұялы телефонды пайдаланып, сапалы қарумен қаруланған, қылмыс жасауға болатын бос жерді, марқұмның көлігін қалдыруға болатын жерді және қашу жолдарын білген. 2022 жылы қазанда Қарағандыда да такси жүргізушісін өлтірген күдікті бір тәулік ішінде ұсталды. Бұл оқиғаның себебі жолақысына келіспеушілік болған. Демек, Қазақстанда такси жүргізушісі болу қауіпсіз жұмыс емес екенін анық көруге болады.
ednews.net
Әлем елдеріндегі тәжірибе қандай?
Әлем елдерінде жүргізуші мен жолаушы арасына бөлгіш енгізу тәжірибесі бұрыннан қолданылады. Көршілес Ресейде Мемлекеттік Думада такси жүргізушілерін жолаушылардан бөлгішпен қорғау ұсынылған. Депутаттар жолаушылар мен жүргізушілер арасындағы келеңсіз жағдай жиі кездесетінін айтқан. Көп елде бұл өзгеріс коронавирус пандемиясынан кейін енгізілген. Мәселен, 2020 жылы Мәскеу көшелерінде вирустан қорғану әрі қауіпсіздік мақсатында осындай таксилер көбейген.
АҚШ-та жүргізушінің қасында отыруға тырыспау қажет. Бұл елде әдетте жолаушылар тек артқы орындықта отырады. Сонымен қатар, жүргізуші отыратын аумақ бөлініп тұрады. Ұлыбританияда да жүргізуші жолаушылардан бөлінген аумақта отырады, ал багаж алдыңғы, жүргізуші жанына орналастырылады.
Такси қауымдастығы президенті не дейді?
Ал Қазақстанда такси қызметін реттеу жұмысы күрделі іс болып отыр. Өйткені бұл сала мемлекет тарапынан реттеле бермейді.
"Біздің елімізде такси қызметін ұйымдастыру қызметі тікелей әкімдіктердің құзырында болғанымен, такси саласы мемлекет тарапынан реттелмейді. Такси секторы 90 пайыз - көлеңкелі секторда", - дейді бұл туралы Медет Құрманов.
acrylshik.ru
Оның сөзінше, тасымалдау саласында мәселе жетіп-артылады. Соның бірі жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігі болып отыр.
"Бүгінгі таңда такси қызметімен айналысу үшін EGov арқылы қызмет басталғаны туралы хабарлама жіберу және такси тасымалдаушысына, такси көлігіне және такси жүргізушіге қатысты заң талаптарын сақтау қажет. Сондықтан такси саласында көптеген проблема бар: тасымалдаудың төмен қауіпсіздігі, баға қоюдағы тұрақсыздық, қызметтердің қанағаттанарлықсыз сапасы, әділ бәсекелестік болмауы", - дейді Қазақстан такси қауымдастығы төрағасы.
Қазақстан такси қауымдастығы төрағасы елімізде жүргізуші мен жолаушы арасын бөліп тұратын арнайы құралдың болуы қарастырылып жатпағанын, бұл салада әркім туындаған қиындықты өзі шешуге мәжбүр екенін айтып отыр.
"Көлік салонындағы бөлім сияқты мәселелерді ешкім қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырмайды. Бүгінгі таңда жүргізушілердің, жолаушылардың, такси компанияларының құқықтарын ешкім қамтамасыз етпейді. Әркім туындаған қиындықтарды (алдау, қорлау, нашар қызмет, алаяқтық) өзі шешеді", - дейді ол.
inDrive компаниясында қандай шаралар қарастырылған?
inDrive компаниясының ресми өкілі бұрын бұл жағдай жолай жолаушы алған кезде орынды болғанын, ал қазір арнайы қосымшада тексеріс күшейгенін айтады.
"Мұндай арақабырғалар жүргізуші қала бойынша сапар кезінде танымайтын жолаушыларды алған кезде орынды болған. Бүгінгі таңда жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір тек тіркелген, ұялы телефон нөмірлері тексеруден өткен және қосымшаға кіру IP-мекен-жайы сияқты цифрлы із қалдырған адамдар ғана таксиге тапсырыс беру кезінде мобильді қосымшалардың пайдаланушылары бола алады. Осындай факторлар қолданбаны анонимді түрде пайдалануға жол бермейді және күтпеген жағдайларда полиция құқықбұзушыны оңай анықтай алады", - дейді inDrive компаниясының ТМД мемлекеттері бойынша PR-менеджері Аида Найзабекова.
Сондай-ақ, жүргізушілердің түсетін шағымның көп бөлігі қауіпсіздікке байланысты емес екен.
"Статистикаға жүгінетін болсақ, жүргізушілердің жолаушыларға қатысты шағымдардың бөлігі жүзден бір пайызы да болмайды. Шағымдардың көбі тұрмыстық мәселелерге қатысты, мысалы, жолаушы орындықты ластап кеткен немесе мас күйінде көлікке отырған. Сондықтан мұндай арақабырғалар шағымдардың себебіне ықпал етпейді де, аса санын азайтпайды", - деп түсіндірді компанияның ресми өкілі.
acrylshik.ru
Бұл орайда платформада жүргізушінің қауіпсіздігі үшін жолаушының тіркеуден өтуі маңызды саналады.
"Пайдаланушылардың тіркеуден өтуі - платформамыздың негізгі шарты. Бұл күтпеген жағдайда құқықбұзушының жауапкершіліктен бас тарту ықтималдығын жояды. Сонымен қатар, Қазақстанда тек inDrive қосымшасында ғана жүргізуші жолаушыны, рейтинг және тіркеу күні сияқты мәліметтерге сүйеніп, оның профилін бағалай отырып, өз қалауы бойынша таңдай алады. Мысалы, жақында тіркелген және пікір алмаған жолаушылардың тапсырыстарын елемеуі мүмкін немесе әйел жүргізушілерге тек әйелдерден ғана тапсырыс алса болады", - дейді ол.
Компания өкілінің сөзінше, қосымшада цифрлық қауіпсіздік мәселесі де жан-жақты қарастырылған.
"Сондай-ақ, біздің қосымшада өзара рейтинг жүйесі бар. Бұл тәсіл ең тиімді болғандықтан, оны біз ғана емес, барлық жетекші әлемдік компаниялар пайдаланады. Бұл қауіпсіздікке әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар, пайдаланушылардың бір-біріне деген жалпы сенімін арттырады. Оған қоса, бізде өтініштерді тәулік бойы қабылдайтын қолдау қызметі бар. Өтінішті қарастырып және барлық мән-жайды анықтағаннан кейін, сервис жолаушыға қатысты аккаунты бұғаттау сияқты қатаң жаза шараларын қабылдайды. Цифрлық қауіпсіздік туралы айтатын болсақ, inDrive жақында жалған немесе клондық парақшаларды, "автокликерлерді" бұғаттау сияқты алаяқтық әрекеттерге қарсы шешімдерді ұсынатын жаһандық Sheild компаниясымен серіктес болды", - деп жауап берді компания өкілі.
acrylshik.ru
Ал Ішкі істер министрлігі мәліметінше, такси қызметін ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
"Жүргізушілердің медициналық және басқа да қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мәселесін жергілікті атқарушы органдар қарастырады. Ішкі істер органдары елдегі әрбір азаматтың (жынысына, нәсіліне, мамандығына қарамастан) конституциялық және заңды құқығын қорғау міндетін атқарады", - делінген ІІМ хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова