Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыру тәртібі өзгереді

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыру рәсімі жетілдірілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, нақты шаралар қаралып, бекітілген.

Біріншіден, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, аралықты кемінде 10 күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады. Қазір азаматтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік 1 күн аралықпен, үшіншісі 30 күннен кейін. Осы мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқу талап етілетін. Үкіметтің мәліметінше, бұл кейбір жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін. 

Екіншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Астана қаласындағы филиалы базасында пилоттық жоба шеңберінде осы орталықта қолданылатын академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өткізіледі. Кейін бұл технологияларды жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың бүкіл жүйесінде қолдану жоспарланып отыр. Технологияларды апробациялаумен қатар, Ұлттық тестілеу орталығы теориялық емтихан тестілеріне кешенді психометриялық зерттеу жүргізеді. 

Үшінші және төртінші шаралар аясында емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Теориялық емтихан қабылдау кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылауда компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану қаупін азайтып, заңбұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.

Бесінші шара ретінде жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту көзделеді. 

Алтыншы маңызды шара шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормаларды енгізу қарастырылған. Бұл жауапкершілік қызмет алушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға жәрдем көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Шаралар емтихан тапсыру процесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданады. Олардың қатарына тыйым салынған құрылғыларды, микроқұлаққаптарды, микрокамераларды, сондай-ақ, байланыс сигналдарын қабылдайтын және тарататын құралдарды пайдалану жатады. Бұдан бөлек, теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру мүмкіндігі енгізіледі.

Жетінші шара ретінде автомектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделеді. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Сондай-ақ, олардың қызметін лицензиялау жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензияны толық кері қайтарып алу шарасы қарастырылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!