- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жұмыс істейтін...
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің көбі қай елден?
1 желтоқсандағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 870 шетел азаматы еңбек етеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі - ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:
басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 374 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 742 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады - тиісінше олар 6 124 және 637 адам. Сонымен бірге маусымдық жұмыстарға 2 183 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 810 адам тартылды.
Қазіргі таңда Қазақстанда бұл жұмыс күшін пайдаланатын 1 690 жұмыс беруші бар. Оларда 464 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97 пайызы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында - 3 460 адам (24,9 пайыз), ауыл, орман және балық шаруашылығы - 1 649 адам (11,8 пайыз), өңдеу өнеркәсібі - 1 300 адам (9,3 пайыз), тау - кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу - 1 266 адам (9,1 пайыз), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет - 782 адам (5,6 пайыз).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай - 4 131 адам (29,7 пайыз), Үндістан - 1 281 адам (9,2 пайыз), Түркия - 1 249 адам (9 пайыз), Өзбекстан - 969 адам (6,9 пайыз).
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24 пайыз немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.
Жасұлан Ордабаев
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz