Қазақстанда жұмыс істемейтін және оқымайтын қанша жас бар?

Қазақстанда жұмыс істемейтін және оқымайтын қанша жас бар?
Фото: elements.envato.com

Бүгінде елімізде NEET санатындағы шамамен 400 мың жас бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

"Республика бойынша NEET cанатындағы яғни жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі – 7,1% немесе 379 мыңнан аса адам. Ауыл жастарының осы санатта айтарлықтай үлесі бар екенін түсінеміз. Жастар табыс іздеп, 3 үлкен ірі "магнит" қалаға Астана, Астана және Шымкентке ұмтылады. Мысалы, жыл сайын елордаға 30 мыңнан аса адам көшіп келеді. Көші-қон ағынының негізгі үлесін еңбек тәжірибесі мен практикалық дағдысы жоқ ауыл жастарына тиесілі. Әдетте, олар қалада уақытша және жалақысы төмен жұмыстарда істеп, құрылыс алаңдары мен базарларда нәпақа іздеп жүр. Бұл ауыл жастарын қарызға итермелеп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсірін тигізуі мүмкін", - деді Жигули Дайрабаев.

Оның айтуынша, 2029 жылға қарай NEET санатындағы жастардың үлесін 2 есе төмендетуге тапсырма берілген.

"Бүгінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің жетекшілігімен пилоттық режимде бағыт-бағдары жоқ ауыл жастары үшін «Жол тап» жобасы іске асырылып жатыр. Елордада сұранысқа ие электр газбен дәнекерлеуші, тігінші, видеомонтаждау, графикалық дизайн сияқты 13 цифрлық дағды мен жұмысшы мамандықтары бойынша тегін қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылған. Әрі қарай жұмысқа орналастыруға жәрдем беріледі. Жоба оң нәтиже беріп үлгерді. 7 айда 7 мыңға жуық адам жоба мүмкіндігін пайдаланды.1200-ден аса адам оқытудан өтіп, 1100 адам жұмысқа орналастырылды. Жобаның айрықша ерекшелігі халықпен белсенді жұмыс істеуде болды. Жобаның алгоритмі өз тиімділігін көрсетті", - деді депутат.

Жигули Дайрабаев "Ауыл" партиясы жобаны қолдайтынын атап өтіп, оны басқа облыстарға енгізуді ұсынды.

"Өйткені, бұл жоба президенттің NEET жастарының үлесін азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруда тиімді құрал бола алады. 2023 жылы Үкімет отырысында өңірлердегі әкімдіктерге "Жол тап" пилоттық жобасының мысалын қолдануға тапсырма берілген еді. Өкінішке қарай жарты жыл уақыт өтсе де өңірлерде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте аталған бағдарлама тәсілдері қолға алынбай отыр. Олжас Абайұлы, қалаларға келген ауыл жастарын жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін Үкімет тарапынан қабылданған шешімге тағы да қосымша серпін беруіңізді сұраймын", - деді депутат.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz