Қазақстанда ЖСН алу тәртібі жеңілдетілді

Қазақстанда ЖСН алу тәртібі жеңілдетілді
Фото: Тengrinews.kz/Тұрар Қазангапов

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ЖСН алу алу тәртібі жеңілдетілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жариялады. Министр Астана әкімдігімен бірге "Жастар" сарайында жедел түрде ашылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқанын айтты.

Ол қазір отандастарға бірінші кезекте, кедергісіз, штат режимінде қызмет көрсетіліп жатқанын айтты.

"Ресей Федерациясынан келген азамат санының көптігінен, операторлар ұзын сонар кезекте тұрғандарды қабылдап үлгермей жатыр. Бүгінгі күнге дейін Ресей азаматтары ХҚКО-ға келіп, құжаттарын ұсынып, олардың деректері базаға енгізілгеннен кейін қайтып, екінші күні ЖСН алу үшін ХҚКО-ға қайта келетін еді. Бұл олардың да, ХҚКО операторларының да көп уақытын алады. Сонымен қатар, ғимараттағы адам санының көптігіне себеп болады.
Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберілетін болады. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиенттеріне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауының алдын алады", - деп жазды ол.

Сондай-ақ, министр екінші деңгейлі банктерге ЖСН деректер базасында берілетіні туралы ақпаратты жеткізетінін, нөмірді енгізген кезде кез келген азамат туралы ақпарат автомат түрде шығатынын айтты.

"ХҚКО қызметкерлеріне ештеңеге қарамастан, жедел түрде қызмет атқарып жатқандары үшін алғыс айтқым келеді. Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек