Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев технологиялар мен жасанды интеллект дамуына байланысты жойылып кетуі мүмкін мамандықтарды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жасанды интеллект қазақстандық еңбек нарығын қарқынды өзгертіп жатыр. Нәтижесінде кейбір мамандықтар жойылып, басым бөлігі трансформациялануы мүмкін. Сонымен қатар, мүлдем жаңа бағыттар пайда болады.
"Кейбір мамандықтар жойылады. Олар - мәтін өңдеушілер мен терушілер, корректорлар. Мамандықтардың көпшілігі трансформацияға ұшырайды. Мүлдем жаңа қызмет бағыттары пайда болады", - деді министр.
Оның айтуынша, ең көп сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында.
"Осыған байланысты сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін жаңартылып жатыр. Олар - инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және ядролық энергетика", - деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы жұмыс күшінің саны - 9,8 миллион адам, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова