• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Қазақстанда Жошы хан тарихи сериалының түсірілімі басталды

Қазақстанда Жошы хан тарихи сериалының түсірілімі басталды
Фото: "Дара" баспасөз қызметі

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" студиясының павильондарында Жошы хан туралы халықаралық тарихи сериалдың түсірілімі басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Дара" президенттік бастамалар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда жұмыс атауы The Golden Empire деп бекітілген сериалдың түсірілім алаңы таңғы 6-да толық дайын болды. Түсірілім басталар алдында режиссер Эмре Сахин, түрік продюсері Фикрет Маноғлу және TAURUS Asia Production продюсері Анна Чакиртова топқа үндеу жасап, бұл жобаның жай ғана сериал емес, үлкен тарихи миссияға ие екенін атап өтті.

"Сіздердің әрқайсыңыз тарихтың жаршысысыздар. Әрбір қадам – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Сценарийден бастап костюмдер мен декорацияларға дейін, жарықтандырудан операторлық жұмысқа дейінгі барлық кезеңдер – алға жылжудың маңызды бөлігі. Біз бірлесіп жұмыс істейміз, бір-бірімізді қолдаймыз және осы ерекше жобаны жасауға ниеттіміз", – деді олар.

Таңғы 9:10-да арнайы жобаланған 12 метрлік киіз үйдің ішінде алғашқы кадр түсірілді. 

Түске дейін алғашқы сәтті дубль мақұлданып, түсірілім тобы дәстүрге сай ыдысты сындырып, әр қатысушы оның сынығын естелікке алды.

Жобаны "Дара" президенттік бастамалар қоры қолдап отыр. Бұл сериал Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытатын ауқымды жоба болмақ.

Ағылшын тіліндегі деректі-көркем сериалды Karga Seven Pictures студиясы өндіреді. Бұл компания бұрын "Осман империясының өрлеуі" және "Мұса пайғамбардың тарихы" сияқты жобаларымен танымал, олар Netflix-тің ТОП-10 рейтингіне 90-нан астам елде енген. TAURUS Asia Production сериалдың жергілікті серіктесі ретінде жұмыс істейді.

"Түсірілім тобы жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық пен ынтасын көрсетті. Жоба кестеге сай жүріп жатыр. The Golden Empire – Қазақстанның тарихи мұрасына арналған ең ауқымды жобалардың бірі болмақ", – дейді авторлар.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget