- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жол апатынан...
Қазақстанда жол апатынан жыл сайын 2 мыңнан аса адам қаза болады - министр
Қазақстанда жыл сайын 13 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысындағы баяндамасында айтты. Министрдің сөзінше, жыл сайын жол апаты салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза болса, 18 мыңға жуық адам түрлі жарақат алған.
Жыл басынан бері (8 айда) апат саны көбейген:
Жол апаты - 14 пайызға, қаза тапқандар саны - 18 пайызға, жарақат алғандар саны - 13 пайызға көбейген.
"Жол апаты Алматы қаласында, Алматы облысында, Жамбыл облысында және Түркістан облысында азаймай тұр", - дейді министр.
Премьер-министр Әлихан Смайылов көлік апаттарының негізгі себептерін атап өтті.
"Жолдардың нашар жағдайы. Халық тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Айталық, 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. Біздің басты міндетіміз - жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау", - деді Үкімет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина