Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин табысы жоғары қазақстандықтар үшін жоғары табыс салығын енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл тұста жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатындар туралы сөз болып отыр, бұл - 33 миллион 422 мың теңге.
"Жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын жұмысшылар үшін 15 пайыз деңгейінде жоғары мөлшерлеме белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын механизмді құруға мүмкіндік береді", - деді Жұманғарин Мәжіліс отырысында.
Оған қоса мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кіріске 10 пайыз мөлшерінде корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі бойынша салық салынбақ. Қазір олар салықтан босатылған.
"Квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздары бойынша табысқа да салық салу ұсынылады. Бұл ретте экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту үшін "Бәйтерек" холдингінің бағалы қағаздарынан түсетін кірісті 2030 жылға дейін салықтан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 триллион теңге көлемінде қаржы құюға мүмкіндік береді", - деді министр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова