Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді қарауға алды. Негізгі құжат жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын белгілейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Заң жобалары жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған. Негізгі заң жобасы жасанды интеллект саласындағы ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді реттеудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың бұл технологияларды қолдану ерекшеліктерін, сондай-ақ осы саладағы қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды", - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов.
Ілеспе түзетулер жасанды интеллект қолданылатын өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және мұндай жүйелер пайдаланатын жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар депутаттар жасанды интеллект жүйелері жасаған медиаконтенттің таралу қауіпсіздігін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуді, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иеленушілеріне әкімшілік жауапкершілік қарастыруды көздеп отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!