- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жемқорлық бизнесті...
Қазақстанда жемқорлық бизнесті дамытуға кедергі болып отыр ма?
Қазақстанда жемқорлық дерегі азайып, кәсіппен айналысу жеңілдеген. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан соң журналист ведомство басшысына "Бізге сұхбат берген кейбір кәсіпкерлер Қазақстандағы жемқорлық бизнесін дамытуға кедергі жасайтынын айтып, шағымданып жатыр. Салдарынан тұтынушыларға тауарлар қымбаттайды. Базалық мөлшерлеме жоғары болғаннан кейін елімізде тегін ақша жоқ. Сондай-ақ, олардың айтуынша, мемлекеттің бизнестегі үлесі жоғары. Сондықтан барлық сала бос емес. Сіз айтылған деректерді мойындайсыз ба? Жағдайды қалай түзейсіз?" деген сауал жолдады.
Әлібек Қуантыров елімізде жемқорлық дерегі азайғанын мәлімдеді.
"Бизнес жүргізуге коррупция кедергі жасайтыны - бәріне белгілі факт. Жемқорлыққа қарсы жүйелі түрде күресу керек. Құзырлы органдар мұнымен айналысып жатыр. Менің ойымша, 10-20 жыл бұрын болған жемқорлық қазір жоқ. Себебі жүйелі шешімдер қабылданып жатыр. Шенеуніктер кәсіпкерлерге кедергі жасауға қорқады. Сондай-ақ, шенеуніктерге жоғары жалақы алуға жағдай жасалып жатыр. Базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеп жатыр. Инфляцияны ауыздықтау үшін Үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Нәтижесінде инфляция біртіндеп төмендетілді. Оны 2 есе төмендету міндеті қойылды. Бұл мақсатқа жеттік. Биыл инфляция 6-8 пайыз деңгейінде болады. Жалпы бизнес жүргізуде кедергілер әрқашан болады. Кез келген нарықта мұндай жағдай бар. Ең бастысы біз бұл кедергілерді біртіндеп жоюымыз керек", - деді министр.
Шенеунік мемлекет экономикаға қолдау көрсету керек деген ұстанымда.
"Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы мен қаржыландырудың жетіспеуіне тоқталайын. Бизнесті қолдау үшін мемлекет (бизнеске берілетін - еск.) кредитті субсидиялауды 1,5 есе арттырды. 2023 жылы бұл мақсатқа бөлінетін қаржы 209 миллиард теңгеден 300 миллиард теңгеге дейін өсті. Мемлекет қолдау көрсетпесе, 2 жылда шағын және орта бизнестің үлесі 36,5 пайыздан 3 пайызға өспес еді. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тардың саны 10 пайызға артты. Бұл - үлкен көрсеткіш", - деді ол.
Әлібек Қуантыров қазіргі таңда шағын және орта бизнеске үлкен мүмкіндік берілгенін жеткізді.
"Былтыр бөлшек салық салынатын экономикалық қызметтің түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ОКЭД) саны шашамен 2 өсіп, 190-ға жетті. Бүгінде олардың саны - 364. Бұрын қосымша құн салығын төлеген бизнес қазір 4 пайыз салық төлеуге көшіп жатыр. Бұл тікелей тұтынушымен жұмыс істейтін қызмет түрлеріне қатысты. Бұл -үлкен жеңіс. 4 пайыздық салық шектеу емес. Өңірдегі әрбір мәслихат оның мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендете алады. Мысалы, Қарағанды облысы осылай істеді. Енді басқа өңірдегі бизнестер осы жақта жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Себебі онда жұмыс істеу тиімді", - деді министр.
Сөз соңында ол мемлекет экономикадағы үлесін біртіндеп азайту керегін айтты.
"Мемлекет біртіндеп, мемлекеттік бағдарламалардан шығуы керек. Ал бизнес дамыған батыс елдеріндегідей нарық жағдайына бейімделуі керек", - деді Әлібек Қуантыров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz