Қазақстанда жемқор шенеуніктердің ақшасына салынатын мектептер тізімі шықты

Қазақстанда жемқор шенеуніктердің ақшасына салынатын мектептер тізімі шықты
Фото: Тұрар Қазанғапов

Оқу-ағарту министрлігі жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржыға салынатын білім беру нысандарының тізімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылатын мектеп құрылысының тізімі бар бұйрық жариялады. Тізімге барлығы 62 мектеп енгізілді. Еліміздің көп облысында - Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанайда негізінен шағын ауылдарда, сондай-ақ, Қостанай, Өскемен, Қызылорда қалаларында екі мектептен салу жоспарланып жатыр. Ал Жетісу, Ұлытау өңірлерінде, сондай-ақ, Павлодар облысында бір мектептен салынады.

Мектептің басым бөлігі халқы ең көп аймақтарда - алтауы Жамбылда (негізінен Таразда және бірнеше ауылдарда), тоғызы Алматыда (облыстың әртүрлі аудандарындағы ауылдарда), тоғызы Түркістанда (облыс ауылдарында) және Астанада 10 мектеп салынады. 

Олар құрылысқа барлығы 96 миллиард 495 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр, бұл қаражатқа жаңа мектептер салуға да, бұрыннан бар мектептерді кеңейтуге де жұмсалады.

Жобаның толық тізімі мына жерде.

Бұған дейін Үкімет мектеп салуға жемқор шенеуніктерді соттау нәтижесінде мемлекетке түскен қаржыны аудару механизмін бекіткені хабарланған болатын.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп салуға жұмсалатынын айтқан.

"Жалпы, мектептерді салу Үкімет пен әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі болуға тиіс", - деп атап өтті бұған дейін Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек