Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің шоттары қандай қарыздар үшін бұғатталады?

Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің шоттары қандай қарыздар үшін бұғатталады?
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық кәсіпкерлердің шоттары енді аз көлемдегі қарыздар үшін бұғатталмайды. Бұл туралы 2025 жылғы 22 қаңтарда Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында қарыз мөлшеріне қарай сараланған тәсіл қолданылатын болады. Егер қарыз көлемі 20 АЕК-ке дейін болса, ведомство бизнеске ескерту жасайды. Шоттарды бұғаттау ең соңғы шара ретінде ғана қолданылады.

"Қарызы ірі сомада болғандарға ғана шоттарды бұғаттау шаралары қолданылады. Айта кететіні, салықтардан бөлек зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдар сияқты әлеуметтік төлемдер де бар. Осы аударымдар бойынша 1-10 теңге қарыз үшін де шоттар бұғатталып кетуі мүмкін. Бұл мәселеде біз әлеуметтік блокпен бірлесе жұмыс істеп, шоттарды бұғаттау шегін ұлғайту жөнінде шешім қабылдадық", - деді Ержан Біржанов.

Вице-министрдің айтуынша, енді 1000 теңге көлеміндегі қарыз үшін шоттарды бұғаттамайды. Ведомство жазалау шараларына емес, кәсіпкерлерге көмек көрсету мен бағыт-бағдар беруге басымдық жасайды.

"Аз мөлшердегі қарыздар үшін шоттарды бұғаттау біз үшін де ыңғайсыз, бірақ біз салықтармен қатар әлеуметтік төлемдер бойынша да жалпы бақылау жүргізуге міндеттіміз", - деп қосты Біржанов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget