Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлері қалай қорғалған?

Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлері қалай қорғалған?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың көбеюіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомствода бүгінгі күні жедел медициналық жәрдем қызметкерлері Еңбек кодексінің нормаларымен қорғалғанын еске салды.

"Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 22-бабы 1-тармағының 12-тармақшасына сәйкес қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға құқылы, сондай-ақ дәрігерлерге физикалық зорлық-зомбылық жасалған жағдайда қолданыстағы заңнаманың жалпы ережелері қолданылады", – деп жауап берді министрлік Tengrinews.kz сұрауына.

Министрлік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" және "ұрып-соғу" баптарының немесе ауыр немесе орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру, зорлық-зомбылық қолдану арқылы қорқыту мен бұзақылық жағдайында Қылмыстық кодекс ережесінің қолданылатынын еске салды.

"Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігі қылмыстық заңнама шеңберінде қызметтегі медицина қызметкерлерінің мәртебесін құқық қорғау органдарының мәртебесіне теңестіру жөніндегі норманы сақтау жұмысын жалғастырып жатыр және медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем жүргізушілеріне, сондай-ақ қабылдау бөлмелерінің қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайларының жиілеуіне байланысты осы ұстанымын сақтайды", – деп хабарлады ведомствода.

Еске салайық, Қарағандыда осы жылдың қаңтар айының басында Нұрболат Дәрібаев жедел жәрдем жүргізушісін ұрған болатын. Нәтижесінде, сот оны ең төменгі қауіпсіздік колониясында екі жылға бас бостандығынан айырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова