- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жасыл технологияларға...
Қазақстанда жасыл технологияларға инвестиция тарту бойынша жоба қолға алынады
Қазақстанда жасыл технологиялар мен жобаларды қаржыландыру бойынша экология министрлігі тарапынан арнайы іс-шаралар қолға алынады. Нақтырақ айтсақ, министрлік ел азаматтары жасаған, құрастырған жасыл технологияларға инвестиция тарту үшін жұмыс бастамақ.
Бұл жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті.
Оның айтуынша, министрлік қоластында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы атты ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйым халықаралық әріптестермен ынтымақтастық және серіктестік қарым-қатынас орнатуды көздейді. Сол арқылы қазақстандық жасыл таза технологиялар мен өнімдерге, өнертабыс пен жобаларға қаржы мен инвестиция тартуды, инвестор табуды қалайды.
«Қазақстанда жасыл экологияны дамытуды көздейтін жобалар жетерлік. Бірақ ондай жобалар жүзеге асуы үшін ең алдымен қаржы мен инвестиция қажет. Яғни, коммерция жағынан барынша тартымды болғаны абзал. Ондай жобаларға қолдау көрсету өте маңызды. Әсіресе, оларға инвестор тауып беру өте өзекті. Ал инвестор табу үшін «жасыл жобаны» барынша коммерциялық жақтан қызықты әрі тартымды етіп құру қажет. Министрлік жанында халықаралық орталық осы міндетпен айналысады. Яғни, «жасыл жобаны» жетілдіре отырып, инвестормен байланыстыруға дейінгі іс-шаралар мен ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарады. Қазір соны қолға алып жатырмыз», - деп түсіндірді Зүлфия Сүлейменова.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір жасыл жобалардың тізімі жасалып, арнайы реестр құрылып жатыр екен. 3 жылдың ішінде 300-ге жуық жоба тіркелген.
«Жасыл жобаларды» қаржыландыру үшін «жасыл облигация», «жасыл несиені» қолға алып жатырмыз. Экология кодексіне жасыл технологиялардың қаржыландыруды есептейтін, «жасыл» жобаларды жіктеудің бірыңғай жүйесі – «жасыл таксономия» ұғымын енгіздік», - дейді вице-министр.
Орталықтың өзі 2018 жылы 27 сәуірде құрылған. Ұйымның мақсаты – Қоғам миссиясы-экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету үшін жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау.
Қазіргі уақытта Орталық салалар бойынша кешенді технологиялық аудитке қатысуға тартылған сарапшылар құрамын қалыптастыруда:
1) Көмірді өндіру және байыту;
2) Шойын және болат өндірісі;
3) Титан мен магний өндірісі;
4) Ферроқорытпаларды өндіру;
5) Сирек және сирек жер металдарын өндіру.
6) Тамақ өнімдерін, сусындар, сүт және сүт өнімдерін өндіру;
7) Елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелерін сарқынды суларды тазарту;
8) мұнай мен табиғи газды өндіру.
Қ. Слямбек