2019 жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланды. Бұл жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жастарының барлық қажеттігі, сұранысы мен даму жолы айқындалды. Нәтижесінде жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары дайындалып, жастар саясаты саласындағы заңнама жетілдірілетін болды. Мұны халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
"2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялауымен "Жастар жылы" өтті. "Жастар жылы" шеңберінде бүкіл елде 300 республикалық шара ұйымдастырылып, оған 2 миллионнан астам жас қатысты. Арнайы шараларға 800 мыңға тарта адам жұмылдырылды", - деді министр.
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға, жас отбасыларға 3 мың жалдамалы пәтер берілген. Болашақта бұл бағытта Қазақстан жастарына барлығы 9 мың пәтер беру жоспарланған.
"Жастар жылында жастарды қолдау үшін біршама шара іске асты. Мысалы "Дипломмен ауылға" бағдарламасында мамандарға берілетін біржолғы жәрдемақы 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін өсірілді. Сондай-ақ жас ғалымдардың фундаментал және қолданбалы зерттеулеріне арналған грант 2020 жылдан бастап 3 жылдың ішінде 3 миллиард теңгеге ұлғаятын болып шешілді. "Студенттік әлеуметтік несие" жүйесі енгізіліп, волонтерлік қызметпен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттерінің стипендиясы 30%-ке өсті. Жастар саясаты бойынша одан әрі жүйелі шараларды әзірлеуге серпін берілді", - деді Аида Балаева.
Сонымен бірге, былтырғы Жастар жылында "Жас кәсіпкер" жобасында 5 мың адам мемлекеттік грантқа ие болып, жас кәсіпкер атануға қадам жасаған. Ал 10 мың жас кәсіпкер шағын несие арқылы өз өндірісін, кәсібін кеңейткен. Оның басым бөлігі ауыл жастарына беріліп отыр. "Жасыл ел" жобасында былтыр 20 мыңнан астам адам қамтылған.
Аида Балаева биыл Қазақстанда жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары дайындалатынын мәлім етті. Сондай-ақ Қазақстанда жастар саясатындағы заңнама жетілдірілмек. Нұр-Сұлтандағы "QazExpoCongress" павильонында "ArtHUB" жастар бастамасын қолдау орталығы да болашақта құрылмақ. Бұл алаңда креатив және шығармашыл жастар өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.