- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жасанды ұрықтандыру...
Қазақстанда жасанды ұрықтандыру бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына кімдер қатыса алады? Жолдаманы қайдан алу керек? Оны қай клиникалар жасайды? Көпшілікті мазалаған сұрақтарға Медициналық ақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылатын "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінген.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға қазақстандық отбасылар қатыса алады. Талап бойынша жұптың жасы 18 бен 42 жас аралығында болуға тиіс және медициналық өлшемдерге сай болуы қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Бағдарлама сәтсіз болған жағдайда кезекке қайта тұруға болады.
МӘМС арқылы ЭКҰ жасайтын клиникалар тізімін қайдан табуға болады?
Қазір елімізде 19 клиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді. Жыл сайынғы квота аймақтардың сұранысына қарай бөлінеді. ЭКҰ жасау көрсеткіші жағынан Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Атап айтсақ, Алматыда МӘМС шеңберінде жұмыс істетін 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру жасалды.
Пациент клиниканы өздігінше таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтындағы
- "Пациент үшін",
- ары қарай "Клиниканы таңдау" батырмасын басып,
- "ЭКҰ қызметін көрсететін медициналық ұйымдар тізбесін" ашу керек.
- Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.
ЭКҰ-ға жолдаманы қалай алады?
Бұл процедура МӘМС аясында жасалады. Сондықтан квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуға тиіс.
Алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың консультациясына баруы керек. Оған жолдаманы емханадағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң, пациенттің денсаулық көрсеткіштері ЭКҰ жасауға сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған соң жұп кезекке тұрады.
2021 жылдан бері жыл сайын 7 мың ЭКО процедура МӘМС есебінен қаржыландырылып келеді. МСҚ мәліметінше, биыл 4 мыңнан аса жасанды ұрықтандыру жасалған. Оған 5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
ҚР ДСМ мәліметі бойынша, "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері 5000 нәресте дүниеге келді.
Жасанды жолмен ұрықтандыруға қанша қаражат жұмсалады?
Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 миллион теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормон препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді.
Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?
Дәрігерлер әйелді медициналық тексеру барысында бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқуы, соматикалық және психикалық аурулар, аналық без ісіктері, өткір қабыну белгілері мен кез келген ісік табылған жағдайда пациентке экстракорпорал ұрықтандыру жасалмайды.
Қосымша сұрақтарыңыз болса емханадағы "Пациенттерді қолдау қызметіне" жүгіне аласыз. Мәселе шешілмеген жағдайда Қордың fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы сынды байланыс арналары арқылы өтініш-шағым қалдыруға болады.
Сақтандыру мәртебесін тексеруге арналған қосымшалар:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
- fms.kz ресми сайты;
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
- 1414 байланыс орталығы;
- Damumed мобильді қосымшасы;
- Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары: Kaspi.kz, Halyk, Bcc.kz.
Сондай-ақ, электрон үкіметтің egov.kz сайтындағы "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну" мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.
Тағы да оқи отырыңыздар: Теріскен неге шығады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек